Атыраудағы Индер ауданы жарқын жобаларға сұранып тұр…

Аудан хабарлары Жаңалықтар Экономика

Аtr.kz/26 сәуір, 2019 жыл. Былтыр өндіріс өнімінің көлемі 2,5 миллиардқа жуық теңгені құраған Индер ауданының жергілікті билігі алдында өңір экономикасын одан әрі дамыту үшін инвестиция тарту мәселесі тұр. Қазба байлықтың талайын бауырына басқан ауданда инвесторға табыстың барлық көзі, бағыты бар. Оны игеру жолы қандай? Алдымен нені қолға алу қажет? Индер ауданының әкімі Мейірім ҚАЛАУИМЕН болған сұхбатта осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

ИНВЕСТОРЛАРҒА ЕСІК АШЫҚ

– Мейірім Жоламанұлы, ауданға басшы болып келгеніңізге үш айдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында аудан экономикасын одан әрі өркендетудің қандай да бір жолын түйіндей алдыңыз ба?

– Индер – потенциалы өте жоғары аудан. Орналасқан жері, климаттық жағдайы, табиғи байлықтың мол қоры, тұрғындардың біліктілік деңгейі, қала мәдениетінің осы жерде қалыптасқандығы бұл сөзімді қуаттай түседі. Потенциалы мол деуіме – осы факторлар негіз. Ауданның экономикасын дамытуда қазір біз басты төрт бағытты айқындап отырмыз. Ең бірінші бағыт – өндірісті дамыту. Индердің шығысында көптеген қазба байлықтарының қоры жатыр. Мәселен, гипс, цемент, қиыршық тас, тұз – осы жердің несібесі. Оны рационалды түрде пайдаланудың жоспарын жасақтауымыз керек. Ауданға басшы болып келген бойда «ЗапКазНедро» аймақаралық департаменті, Геология және қазба байлықты пайдалану комитетімен байланысқа шықтым. Олардан осы жердегі қазба байлықтардың зерттелген қоры мен тізімін алып жатырмыз. Бұл бізге келген инвесторға нақты дәлелденген құжатты көрсету үшін керек. Қазір ауданда «ИСИГипсИндер» ЖШС мен «БиашТЭК» құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын зауыт жұмыс жасап жатыр. Ал, құрғақ қоспалар шығаратын зауыт алдағы мамыр айында толығымен іске қосылады деп күтілуде. Осы зауыт іске қосылса, жылына 100 мың тонна өнім өндіріп, 100-ден аса адам жұмыспен қамтылатын болады. Бұл өнімдерді шетке сатпағанның өзінде, бюджет есебінен салынатын құрылыстарға қажетті құрылыс қоспаларымен облысты қамтамасыз етуге болады деген сөз. Бұл жөнінде облыс басшысы Нұрлан Асқарұлы бізге нақты тапсырма берді. Соған байланысты облыста құрылыспен айналысып жүрген компанияларды шақырып, жергілікті тауардың құрылысқа қолданылуына ұсыныс жасайтын боламыз.

Бұдан бөлек, әзірге өндіріске қажетті техникалық тұз шығарып отырған зауытымыз бар. Серіктестік иелері оның көлемін жылына қазіргі 10-15 мың тоннадан 100 мың тоннаға жеткізуді көздеп отыр. Болашақта ас тұзын нарыққа шығаратын болады. Аудан экономикасының алға жылжуына әсер ететін үлкен жобаның бірі осы. Сондай-ақ, Индер өнімдерін тоғыз жолдың торабында орналасқан Мақаттағы стансаға жеткізетін «ИндерМақат» теміржолының мүмкіндігін толық пайдалануға тиіспіз. Былтыр жергілікті 40 адамды жұмыспен қамтып отырған «Индер Темір Жолы» ЖШС-іне Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы жоспардан тыс тексеріс жүргізіп, темір жол желісімен жүк тасымалдауды тоқтатқан болатын. Соған орай, «Индер Темір Жолы» ЖШС мекемесі темір жол желісінің 27 шақырымына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, 4000 шпал ауыстырылып, ретке келтірілді. Биыл серіктестік «ИндерМақат» темір жол желісіндегі 5000 шпал және жарамсыз материалдардың 20%-ын ауыстыруды жоспарлап отыр. Бүгінде теміржол жұмысы қалыпқа келді. Егер өндірістің көлемі жоғары болатын болса, теміржол тіршілігін қайта күшейтеді. Себебі, тасымал көбейген сайын оны ұстаушы мердігерге соғұрлым пайдалы болмақ. Бұл жұмысшылардың әлеуметтік пакетін жақсартып, жалақысын өсіріп, локомотивтерін уақытылы жөндеп отыруға мүмкіндік береді. Халықты сапалы жұмыспен қамтиды. Сапалы жұмыс дегеніміз – білікті маман, жоғары жалақы, жақсартылған еңбек жағдайы. Бұл ұстаным кез келген өндірісте болуы тиіс.

– Құрылыс қажеттілігін өтейтін басқа қандай қазба байлықтары бар?

– Индердің оңтүстік шығысында «Белая Ростошь» кен орны бар. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл жерде кем дегенде 100 миллион тонна цементтің қоры жатыр. Мұны осыдан 10-12 жыл бұрын игеру және зауыт тұрғызу үшін «Казкомсервис» компаниясы алған екен. Таяуда компания басшылығымен байланысқанымда, олардың бұл істі жалғастырмайтынын білдім. Сол себепті, енді аталған компанияға берілген 10 гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Демек,
құрылыс әлеуеті қарқынды облысты цементпен қамтамасыз етуге қауқарлы кенішті игеруге өзге инвесторлардың мүмкіндігі бар. Шындығы сол, цемент зауыты облыс үшін аса қажет нысан. Мәселен, қазіргі таңда қала маңында 70 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы басталғалы жатыр. Бұл – шамамен 40 млрд. теңгенің жұмысы. Атыраудағы үйлердің қаңқасы негізінен бетоннан салынады. Құрылыстың 30-40 пайызы үй қабырғасын тұрғызуға кетеді десек, оған құрғақ құрылыс қоспалары, цемент, гипсокардон қажет. Мұның бәрі бізде бар. Яғни, біздің 30 млрд. теңгенің құрылыс материалдарын шығаруға потенциалымыз бар деген сөз. Бұл – бір. Екіншіден, «Белая Ростошьтың» арғы жағындағы Жамантау маңында қызыл сазды құмның қоры бар. Ол бізге сапасы жоғары кірпіш тас шығаруға мүмкіндік береді. Бұл да –құрылысқа
қажетті маңызды материал. Сонда бетон да, тас та, ішкі әрлеу жұмыстарына қажетті қоспалар өзімізде бар. Бір сөзбен айтқанда, облыстағы құрылысқа қажетті материалдармен қамтуға толық мүмкіндік жеткілікті болып отыр. Демек, бұл, біріншіден, тұрғын үйдің құнын арзандатады, екіншіден, аудан экономикасын дамытады, үшіншіден, жұмыссыздық мәселесін оңтайлы шешеді. Елбасының тапсырмасына сәйкес Ұлттық қордан өнеркәсіпті дамытуға биыл 400 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінуде. Осы қаржының ауданға келуіне біз де ниеттіміз. Әрине, ауданға инвесторлар, кәсіпкерлер келуі керек. Алысты айтпағанда, Атыраудың өзінде танымал кәсіпкерлер бар. Олардың басым бөлігі әзірге мұнай-газ саласында ғана жүр. Осы сұхбатты пайдалана отырып,
шетелдік және отандық инвесторларды ауданымыздағы тау-кен өнімдеріне инвестиция салуға шақырамын. Оларға жер алуда ешқандай кедергі болмайды. Бұған қоса, елімізде индустрияны дамыту бағдарламасы шеңберінде көрсетілетін нақты қолдаулар бар. Инфрақұрылымын жүргізіп, несие пайызын кепілдендіре аламыз, шығарған өнімін жергілікті құрылыс жұмыстарына пайдалану арқылы өткізу нарығы да ұйымдастырылатын болады. Яғни, ел игілігін бірге игерейік дегім келеді.

БІР ЖЫЛДА – 65 МЫҢ ГЕКТАР ЖЕР!

– Индер ауданы – әу бастан ауылшаруашылықты өңір. Оның әлеуетін толық пайдаланып отырмыз ба?

– Әрине, жоқ. Потенциалы мол екінші бағыт ретінде ауыл шаруашылығын алып отырғанымыз сондықтан. Сөз жоқ, ауыл шаруашылығы дамып келе жатыр. Дегенмен, біздің мүмкіндігіміз бұдан да зор. Биылғы наурыз айында көлемі 22 мың гектарды құрайтын егін мен мал шаруашылығын дамытуға арналған 33 жер телімін аукционға шығардық. Бүгінде оның 18 мың гектарын 27 кәсіпкер алды. Бұдан бөлек, алдағы тамыз айында 40 мың га. жерді айналымға шығарғалы отырмыз. Бір жылдың ішінде осынша жерді бөлу – бұрын-соңды ауданда болмаған көрсеткіш. Жалпы алғанда, ауыл шаруашылығы үшін 65 мың га жерді айналымға (қолайлы жерлер) шығарамыз. Бұл да – осы салада маңдай терін төгемін деуші кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндік. Бір ғана мәселені баса айтқым келеді. Яғни, жерді табыстаған кезде жер қатынастары бөлімі мен кәсіпкер арасындағы келісім-шартта оның тек бір жылға берілетіні көрсетіледі.

Әрине, жердің де жері бар. Бір жер сортаң, енді бірі құнарлы болуы мүмкін, соның бәрі есепке алынады. Су жеткізу проблемасы да жоқ емес. Бұл мәселені де шешеміз. Биыл «Алғабас-Жорық» каналы жөндеуден өтеді. Қазіргі таңда аталған каналдың тек 30 шақырымына ғана су барып тұр. Толық жөндеуден кейін 65 шақырымға су барады. Бұдан кейінгі кезекте жоспарға сай «Құрайлы сай», «Ақсай» мен «Бағырлай» каналдарын жөндеуге жобалық-сметалық құжаты жасалады. Осы орайда, егін еккендер енді судың 25 пайыз құнын ғана төлейді. Ал, қалғаны субсидиямен өтеледі. Сондықтан, ауданға келетіндерге жер мен су мәселесінде проблема болмайды. Мемлекет еңбек етемін деушілерге барлық мүмкіндікті жасап, арнайы бағдарламаларды жүзеге асыруда. Соның бірі – «Сыбаға» бағдарламасы. Екі жыл каникулы бар бағдарламамен 6 пайыз мөлшерде 70 млн. теңгеге дейін 20 жылға несие беріледі. Аудан тарапынан жер жыртуға арзандатылған техникамен, жанармаймен қамтуға көмек көрсетіледі. Әрине, несие алудың да өзіндік қиындықтары кездесетін болар. Бірақ, біз кәсіпті бастағанда, кемшіліктерді басшылыққа алмауымыз, керісінше, мүмкіндіктерге қарай бет бұруымыз қажет.

ТУРИЗМ – ТАБЫС КІЛТІ

– Тұңғыш Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ішкі туризм саласына басымдық берілген еді. Осы орайда, табиғи да тарихи да мол қазынаға ие ауданымыз туризмге сұранып-ақ тұр. Бұл жөнінде не айтасыз?

– Біздің экономиканы дамытуда ұстанып отырған үшінші бағытымыз – туризм. Бұл саланы таңдауымыз бекер емес. Бұл – аудан үшін өте маңызды сала. Мәселен, Тұздыкөлді алайық. Облыс басшылығы 2017 жылы Пятигорск қаласындағы ғалымдарға көлдің сапасын зерттетіп, емдік қасиеті жоғары екені ғылыми тұрғыда дәлелденді. Тыныс алу жолдары, тері аурулары, қан айналымы жүйесі және өзге ауруларға біздің «Тұздыкөлдің» тигізер шипасы мол. Шүкір, облысымызда жоғары жалақы алатын адамдар жеткілікті. Олар жылына бір-екі рет емдеу-сауықтыру орындарына барады. Бірақ, бізге келмейді. Егер осы жерге емдеу-сауықтыру шипажайын салсақ, олар бізде емделер еді. Қазір осы мақсатта Индер көлі жағалауынан емдеу-сауықтыру шипажайын салу жобасы қолға алынуда. Бұл жылына 30 мәрте, күніне 300 адам қабылдай алатын шипажай болмақ. Құны 4-5 млрд. теңге шамасын құрайтын жоба үшін 5 гектар жер дайындаудамыз. Қызығушылық танытқан инвестор бұл жобаны «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жүзеге асыра алады. Оларға мемлекет тарапынан инфрақұрылымын жүргізу, жол салу сынды қолдаулар көрсетілмек. Бәрімізге белгілі, әртүрлі әлеуметтік
қамсыздандыруды қажет ететін азаматтардың емделуіне мемлекеттен берілетін жолдамалар бар. Қазір сондай жолдама алған азаматтар өзімізде болмаған соң, өзге облыстарда емделіп жүр. Жоспар жүзеге асса, облыс көлеміндегі тапсырыстарды осы шипажайға арнауға болар еді. Бұл жерге газ, электр желілері, жол барғаннан кейін шипажай жанына кәсіпкерлер өздерінің қызмет көрсету, мейрамхана, демалыс орны секілді нысандарын ашар еді. Мысалы, «Сарыағаш» сауықтыру кешенін алдымен кәсіподақ ашқан, содан кейін ғана кәсіпкерлер осы іске тартылды. Біз де осындай бизнесті аталған аймаққа тартуымыз керек.

– Бұл үшін алдымен жол мәселесі оң шешімін табуы керек ғой…

– Облыс әкімі Нұрлан Асқарұлының тапсырмасымен биыл «Қарабау-Индер» жолын жөндеуден өткізу басталғалы отыр. Облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасына аталған жолды жөндеуді Индерден бастау жөнінде ұсыныс беріп отырмыз. Индерден тауға дейінгі 20 шақырым жол жасалса, одан әрі Тұздыкөл тиіп тұр. Білгенімдей, бұл жерге жаз айларында күніне 50-60 адам келеді екен. Келетіндердің арасында таяу шетелдің азаматтары да бар. Бірақ, олардың демалуына ешқандай жағдай жоқ. Биыл аудан әкімдігі осы кемшілікті жою үшін көл басына келушілерге қолайлы жағдай жасайды. Онда душ пен биоәжетханалар орналастырылады. Ал, кәсіпкер келушілерге шай-сусын ішетін орын ұйымдастырса жеткілікті. Бұдан бөлек, Индер – тарихи тұлғалар мәңгілік мекен тапқан киелі өңір. Малайсары би, Жиембет жырау, ақберен батыр Махамбет, ақын М.Мөңкеұлы кесенелері, оның бергі жағында ел аузында «Димаш төбе» аталатын орын бар. Бұған қоса, келген қонақтардың қызығушылығын арттыратын, аптап ыстық пен қара суықта еш өзгермейтін «Мұздықұдық», аңызға толы «Қызәулие», сарқыраған «Тұз бұлақ» сияқты Қазақстанда теңдессіз қасиетті, тарихи жерлер бар. Осылардың маршрутын жасақтау, гидтер дайындау алдағы уақыт еншісінде. Сонымен бірге, биыл Махамбет Өтемісұлы кесенесінің жанына кешен тұрғызудың жобасы жасақталып, Мұрат Мөңкеұлына кент басынан ескерткіш орнатылады.

КӨЛІК ЛОГИСТИКАСЫ – БАСТЫ КҮРЕТАМЫР

– Мейірім Жоламанұлы, ауданымыз географиялық жағынан өте тиімді орналасқан. Халықаралық транспорт дәлізі ретінде оны тиімді пайдаланудың жоспары бар ма?

– Көлік логистика саласы – шешуші фактор. Төртінші бағыт ретінде осы саланы таңдап отырмыз. Өйткені, «Атырау-Астрахан» жолы салынған кезде Индер тұсынан өтетін жүк көліктерінің саны бірнеше есе артады деп күтілуде. Бір мысал келтірейін, Екатеринбург, Владивосток, Оренбург, Самара сынды Ресейдің ірі қалаларынан Кавказға шығу үшін жүргізушілер осы трассаны пайдаланады. Оның үстіне Жайықтың жоғары сағасында Орал, төменгі сағада Атырау мен Ақтау қалалары тұр. Көлік нөпірінде есеп жоқ. Сол себепті, көлік логистикасын тиімді пайдаланбасқа болмайды. Сол көліктерге қызмет көрсету орталықтары, кемпинг, кафе-ресторан, қоймалар салуға болады. Қоймаларға өз өнімдерімізді сақтап, жан-жаққа жөнелтуге болар еді. Сондықтан, биылғы жылы кәсіпкерлерге жер учаскелерін белсенді түрде шығарып жатырмыз. Мамыр айында 50 учаске аукционға түседі. Түгел сөзді түйіндей айтқанда, аудан экономикасы осындай төрт бағытта дамуы тиіс. Шындығын айту керек, былтырғы жылдың қорытындысымен ауданның өндіріс өнім көлемі 2 млрд. 300 млн. теңгені құрады. Бұл – біздің аудан үшін өте аз көрсеткіш. Биыл өнім көлемін екі есеге өсіріп, 6 млрд. теңгеге жеткізу межесін жоспарлап отырмыз. Алдағы 2-3 жылда бұл көрсеткішті 10 есеге дейін өсірудің мүмкіндігі бар. Біз – облыста мұнай өндірілмейтін аудандардың біріміз. Сондықтан, ауданда шағын кәсіпкерлік нысаны ашылса, оның орны экономикада көрініп тұрады. Ең бастысы, бізде адами капитал бар. Кезінде атағы жер жарған Рудник кеніші болды. Оны игерген аға буынның балалары да – техникалық жағынан кәсіби мамандар. Зерттеу жүргізіп қарағанда, экономикалық белсенді халықтың 60 пайызы қазір ауданнан тыс жердегі вахталық жұмыстан нәсібін тауып жүр. Олар – жоспарымыздағы төрт бағытты дамытқан кезде дайын тұрған сапалы жұмыс күші. Сонымен қатар, Индербордағы колледждің өзі инвесторларға қажетті мамандарды дайындап бере алады. Инвестор тарапынан сұраныс туындаса, ондай мамандықтарды аштырамыз. Өйткені, индерліктер орташа жалақыға жұмыс жасауға дайын. Жалақы уақытылы төленсе, жұмыс талғамайды. Маусым айына дейін ауданнан кәсіпкерлерді қолдау орталығын ашатын боламыз. Сол жерде кәсіпкерлер күнделікті кезігетін жер алу, техникалық шарт жасау, несие рәсімдеу, субсидия төлеу сияқты мәселелерге қолдау көрсетіледі. Аудан әкімінің жұмыс кестесіне күн сайын 17.30-да кәсіпкерлерді қабылдау енгізілген. Осы кезге дейін 100-ден астам кәсіпкерді қабылдап үлгердім. Сонда олардың негізгі көтеретін мәселелері де осы екеніне көзім жетті.

КЕНТ ЖАҢА КЕЛБЕТКЕ ЕНЕДІ

– С о ң ғ ы с а у а л . А у д а н орталығындағы жолдың жайы көпшілікті алаңдатып отыр. Жалпы, кентті көркейту бағытында биыл не істелмек?

– Биыл Индербор кентінің келбеті жаңа кейіпке енеді. Бұл жұмыстар мамыр айында басталады. Оның ішінде жол, саябақ салу, көп қабатты тұрғын үйлердің (31 үй) айналасын абаттандыру, жарықтандыру, балаларға арналған спорттық ойын алаңдары, мәдениет пен шығармашылық орталықтарды жақсарту жұмыстары жүрмек. Бұл да келетін инвесторларға қызығушылықты арттырады деп есептеймін. Мәселен, Меңдіғалиев көшесіндегі
аумағы 4 га ескі парк толық жаңартылады. Қонаев, Махамбет, Уәлиханов, Тухфатов пен Тайсойған көшелерінің ескі асфальты қайтадан салынады. Қонаев көшесінің жарығы, шарбақтары түзелетін болады. Жайық жағасындағы ескі парк қоршалып, жарықтандырылып, тас төселіп, тұрғындардың серуендейтін сәнді ортасына айналады. Кентті бұрын айнала қоршаған жасыл белдеуді де қайта қалыпқа келтіруді бастап кеттік. Бұрын салынбаған ескі орталық, Шығыс, Барлаушы шағынаудандарындағы көшелерге 22 шақырым жол төсеу басталады. Осы жолды салғаннан кейін кентте асфальттанбаған тек қана Болашақ шағынауданы қалады. Оны алдағы жылдары қарастырамыз. Сонымен қатар, қазіргі таңда Есбол ауылында 21,6 шақырым, Елтай ауылындағы «Жас Өркен» лагеріне дейінгі 2,7 шақырым жолдың құрылысы басталды. Ал, Өрлік (13,5 км.), Көктоғай (13,1 км.), Елтайдың (12,4 км.) ішкі жолдарының жобалықсметалық құжаттамасы дайын, қажетті қаржы сұралуда. Қызылжар мен Ақтан ауылдарының кірме жолдарын жөндеу де қаржының шешілуін күтіп отыр. Бұл жұмыстардың барлығы Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы аясында жүзеге асады. Оны орындауға нақты іс-шаралар жасақталды. Облыс басшысының Индер ауданына деген көзқарасы да, қолдауы да айрықша. Бізге тек жұмыс жасау ғана қалып тұр.

ТҮЙІН

Дендер даласында қайнаған еңбек дүбірі естілуі тиіс. Бұл үшін экономиканың екінші тынысын ашатын инвестиция да, инвестор да керек. Жер байлығын ел игілігіне жарату мақсатын көздеген аудан басшысының иіні мықты инвестор, тәуекелі күшті кәсіпкерді шақыруында осындай мүдде жатыр. Ал, экономика түзелсе, тұрғындардың әлеуметтік тұрмысы да жақсара түседі!

Әңгімелескен: Арал БАЙЖІГІТОВ.

Индер ауданы.

1 thought on “Атыраудағы Индер ауданы жарқын жобаларға сұранып тұр…

  1. Іске сәттілік тілейміз. Бізде жақсы шаруа іскер әкімдер көп тұрақтамайтын еді ғой.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *