Атырауда тұтас халық болып екі күн іздеген бала табылды

Жаңалықтар Оқиға Құқық

Аtr.kz/22 мамыр, 2020 жыл. Өкінішке орай, Атырауда жоғалған 1,5 жасар бала өлі табылды.

Атырау облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің басшысы Гүлназира Мұхтарованың айтуынша, баланың денесі үйдің маңындағы септиктен табылып отыр. Ал, бұған дейін баланың анасы мен туыстары сол септиктен бастап үйдің айналасын түгел тінтідік деді емес пе? Демек, жіті қаралмаған болып тұр. Бірақ, ажал жетсе, адамның жасы мен басқа да белгілеріне қарамайтынын аңғартса керек.

Тағы бір өкініштісі, ананың балаға деген немқұрайлы қатынасы мен көзқарасы атыраулық тұрғындарды ашындырып отыр. Амал не, болар іс болды, бояуы сіңді. Енді тек осындай қайғылы жағдайдан ащы сабақ ала білсек болғаны…

Еске сала кетсек, кеше Атыраудағы Жұлдыз ықшамауданындағы №10 көше, 57 үйден Әли есімді бүлдіршін жоғалып кеткен еді. Бала 20 мамыр күні сағат 13.30-да шыққан күйі оралмады. Сәбиді іздеуге 600-ге жуық ерікті, Ұлттық ұлан гвардиясының 50 әскері, жүзден астам полиция қызметкері​ жұмылдырылған болатын.​

Жергілікті тұрғындар былай тұрсын, оқиғадан хабардар болған барша қазақстандықтар баланың аман-сау табылатынына сеніп келген еді. Осылайша, барлығы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмылған жұдырықтай әрекет етті. Біреудің қайғысына біреу бей-жай қарай алмады. Бұл да болса, адамгершілік айнасының бір көрінісі деп білген жөн.

Мұндай жағдай мұнайлы мекенде бұған дейін де бірнеше рет орын алған. Осы орайда, мамандар тұрғындарға балаларын бақылаусыз қалдырмауға шақыруда.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған