Атырауда ұстаздар форумы өтті

Білім Жаңалықтар

     Atr.kz/7 қазан, 2019 жыл.     Ұстаздардың кәсіби мерекесіне орай Салтанат  сарайында облыстық мерекелік форум өтті. Аймақ педагогтары  мен  ардагер ұстаздар бас қосқан салтанатты шарада барша жиналғандарды облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов құттықтады.

– Ұстаз – өте биік,  мәртебелі, абыройлы қызмет. Бұл қызметті атқару қашан да оңай емес. Ол – болашақ азаматтарды ғана емес, бүкіл қоғамды қалыптастырушы тұлға. Елбасы айтқандай, біз келешегіміздің кемел болуы үшін ең алдымен адами капиталымызды дамыту керек. Жер қойнауындағы байлықтар бітуі мүмкін.

Ал, адами капиталымыз арта түссе, еліміз қашан да бәсекеге қабілетті болады. Бұл ретте ел ертеңі саналатын бүгінгі ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беруде  педагогтардың еңбегі өлшеусіз. Осы орайда мұғалімдерді төл мерекелерімен құттықтаймын. Кемел білім берудегі еңбектеріңіз жана берсін, – деді Серік Жамбылұлы.

        Одан әрі жиын марапаттау шарасына ұласты.  Құрманғазы ауданының  Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Нұрлығайым Рысқалиев Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің  «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.

Мақат ауданындағы С.Шарипов атындағы Доссор мектеп-интернатының дене тәрбиесі пәні мұғалімі Марат Тоқсанов,  Атырау қаласындағы Қ.Сәтпаев атындағы орта мектебінің математика пәні мұғалімі Күләш Бекішова, Атырау энергетика және құрылыс колледжінің өндірістік оқыту шебері Алтыншаш Сүлейменова Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгіге ие болды. Сондай-ақ, бір топ мұғалім облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

       Бұған дейін облыстық Әдістемелік орталығы айтулы мереке қарсаңында мұғалім мәртебесін дәріптеу және шығармашылық әлеуетін ынталандыру мақсатында аймақ ұстаздары арасында үздік эссе байқауы, жыр мүшайрасы, үздік бейнеролик байқауы, үздік челендж, үздік сынып жетекші, үздік куратор, үздік білім ұясы секілді бірнеше байқау ұйымдастырды.

Форум барысында осынау конкурстардың жеңімпаздары да ұлығыланып, оларға естелік сыйлықтар табыс етілді.  Республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты «Қазына» би ансамблі, халықаралық байқаулардың лауреаты «Самға» вокалдық ансамблі және «Еркем-ай», «Самға» вокалдық ұжымдары өнер көрсетіп, ұстаздар қауымына мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *