Жабайы сауда: кімге пайда, кімге зиян?

ZHabayyi sauda kimge payda kimge ziyan Жаңалықтар

Жаздың аптабынан күні бойы уақытын төрт қабырғада өткізетін балалар кешкі мезгілде тағы да серуенге асықты. Орталық көшелерде көлік қозғалысында шектеу жоқ қой, әдеттегіше, демалыс парктеріне қарай жол тарттық. Бұрынғыдай емес, қазір қалада мұндай орындардың көбейгені көңіл қуантады. Алайда, саябақтарды саңырауқұлақтай жайлайтын ойыншық машиналар мен батуттар биыл да жыл құстарындай қайта «оралды». Көз жауын алатын түрлі-түсті ойын-сауық нысандарының қатары артқанына еш қарсылығымыз жоқ. Бірақ, олардың барлығы бірдей санитарлық талапқа сай ма? Шаң-тозаңға «көміліп» тұратын батуттар ауру «ошағы» емес пе? Жалпы, «жабайы саудаға» кім тосқауыл қояды?

Жабайы сауда кімге пайда, кімге зиян

Қауіпсіздікті кім қадағалайды?

«Жеңіс саябағына» серуендеу үшін келгенімізде балалар бұрынғы «Қиял-ғажайып әлемі» паркіне қарай «сүйреді». Иә, шынымен де түнгі мезгілде алыстан-ақ жарығымен көз тартатын «колесо обозрения», басқаларға қарағанда көлемдірек көрінетін «Маша және аю» бейнеленген батуттар, саябақ ішін аралап шығатын пойыз, биікке көтеріліп барып айналатын карусельдер бала түгілі үлкендерді де қызықтырады екен. Паркке қарай ағылған көптің бірі болып аттракциондарға билет алуға ұзын-сонар кезекке тұра қалдық. Кассаның аздығы мен күтетін уақыттың көптігіне ешкім назар аударып жатқан жоқ. Оның үстіне, паркте алыпсатарлардың саудасы «қызып» тұр. Тәтті сусын ба, балмұздақ па, тез тағам түрлері ме – керегіңіздің бәрі бар. Алайда, мұндағы санитарлық талап мүлде сақталмаған десек, артық айтқандығымыз болмас. Қауіпсіздік туралы сөз қозғаудың өзі қорқынышты. «Сақтансаң, сақтармын» деген қағиданы мүлде жадымыздан шығарып алғандаймыз. Қарапайым батуттардың өзінде ешқандай сақтық шаралары жоқ. Оның тазалығына да күмәнданасың. Қысқасы, бір жағынан қуанғаныңмен, екінші жағынан етегіңнен тартып тұратын кемшіліктерді көргенде «әттеген-ай» дейсің.

Жабайы сауда кімге пайда, кімге зиян-2

Тексеруге рұқсат жоқ!

Ал, нарық заманында өз ісін ашып, шағын бизнесті дамытып отырғандарға кедергі келтіру де – заңсыз. Өйткені,  елімізде кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы орта қалыптастыру үшін тиімді шарттар ұсынылуда. Ел экономикасын шикізатқа тәуелділіктен арылтып, өндірісті өркендетуге батыл қадам басқан тұста бизнеске мүмкіндік жасау қажет-ақ. Әйткенмен, пайда табамын деп, қарапайым нормаларды сақтамау ақылға қонымсыз. Жоспарсыз тексерулерге мораторий жариялаған тұста Мемлекет басшысы кәсіп иелеріне кемшілікке бой алдырмай, бәсекелестік арқылы сапаны жақсартуды ескерткен еді. Бірақ, біз бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланудың орнына, кемшілікке бой алдыратынымыз өкінішті.

Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Руслан Дәулетовтың айтуынша, шаһардағы демалыс парктерінде қызмет көрсету орындарын ашуға ресми түрде рұқсат жоқ.

Атырау қаласы әкімінің өкімімен арнайы топ құрылып, олар апта сайын тексеру жүргізіп отырады. Оның құрамында құзырлы орган өкілдері де бар. Заңсыз қызмет көрсету нысандарына ескерту беріледі. Бүгінгі таңда «Исатай-Махамбет» алаңында қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, балаларға арналған ойын орындары бұрынғы «Қиял ғажайып әлеміне» көшірілді. Ал, олардың санитарлық талапқа сәйкестігін тексеру біздің құзырымызға жатпайды. Себебі, «Кәсіпкерлік туралы» заңдылыққа өзгеріс енгізілгеннен бері бизнесті тоқтатуға болмайды, – дейді Руслан Дәулетов.

«Арзанның  жілігі  татымас»

Санитарлық тазалық дегеннен шығады, облыс орталығында әлі де «жабайы сауданың» «дәурені» жүріп тұр. Жұрт жеміс-жидекті алыстағы базарға бармай-ақ жақыннан сатып алуға әуес. Қалта қамы үшiн таразыдан тарта жейтін кейбір алыпсатарлардың қулығына қарамайды. Заңсыз жолмен тиыннан теңге құрап отырғандарға өз құқығын өзі бұздырады да, әбден сан соғып қалғанда барып әділдік іздейді. Ондағы көкөністердің ыстыққа еріп, суыққа үсіп, болбырап, қарайып тұрған оғаштығы көп ойландырмайтын секілді.

Базардың ішінен орын алып, оған күнделікті төлейтін ақшаңның сыртында айналымға да біраз қаражат қажет. Бізге бала-шағаны асырау керек, айналайын! Өйтпесек, екі қолға бір күрек болар жұмысымыз жоқ. Тым құрығанда, зейнетақы алмаймыз. Жайма базарымыз болмаса, шиеттей бала-шағаны кім бағысады? – дейді атын-жөнін атамауды өтінген саудагер.

Бұл пікірдің де астарында ащы шындық жатқаны белгілі. Бірақ, солардың қалтасында тауардың, не сауда нүктелерiнiң санитарлық талаптарға жауап беретiнi жөнiндегi рұқсат қағазы жоқтығы аян. Олай дейтініміз, күні бүгінде астан уланғандардың саны азаймай тұр.

Заңсыз іс жауапсыз қалмайды

Аптап ыстықта жеміс-жидектен «залал» көретіндер көбірек. Қауын-қарбызға «жерік болған» жұрт олардың санитарлық талапқа сәйкестігін ажыратып жатпастан, көшеде кездескенінен ала салады. СЭС мамандары шектен тыс қолданған тыңайтқыштың әсерінен саудаға беймезгіл түскен көкөністердің адам ағзасына тигізетін зардабы мол екендігін ескертсе де, қолды бір-ақ сілтейтіндер мен құлақтандырудан мүлде хабарсыз қалатындар көп. Ал, «жабайы сауда» жасап тұрғандарда санитарлық сертификат болмайтындықтан, адамның сол жердегі өнімнен уланғанын дәлелдеу қиынға соғары анық. Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Руслан Дәулетов «жабайы сауда» қазіргі таңда «Мұрагер» сауда орталығының маңында «жайлағанын» атап айтты. Өткен аптада оларға ескерту берілгенмен, бір жұмадан соң алыпсатарлар баяғы «әдетіне» қайта оралған.

Облыстық Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Назымгүл Қайсағалиеваның айтуынша, көшедегі заңсыз сауда жасағандарға алдымен ескерту беріледі. Ал, мұндай жағдай екінші рет қайталанса, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 204-бабына сәйкес оларға бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Жалпы, қала бойынша 270 нысанға сауда жасауға рұқсат берілген. Жыл басынан бері облыс орталығындағы тәртіп сақшылары «жабайы сауда» жасағандарға 50 хаттама толтырған.

Сіз не дейсіз?

Гүлайна  Иманәлиева, қала тұрғыны:

Кез келген көпқабатты үйдің жанында көкөніс, жеміс-жидек сатып отырғандар бар. Рас, аптап ыстықта ірі сауда орындарына бармай-ақ қажетті өнімініңді ала аласың. Бірақ, мұндай тауарларды алғанда оның сапасына күмәнданатынымыз жасырын емес. Себебі, жемістер күннің астында тұрады. Әрине, сауда орындарының көбейгені жақсы. Тек санитарлық талапқа сай болса екен.

P.S: Қалай болғанда да, «жабайы сауда»  қаланың қай шетінде де жалғасып жатыр. Дегенмен, жаппай жауып тастауға сұранып тұрған нүктелердің нүктесін уақытында қойған дұрыс емес пе?

Айбөпе САБЫРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз