ІС МҮДДЕСІ ТҰРҒЫСЫНАН

2015 жылдың 17 наурызы күні ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтіп, онда Тұрғын Сыздықовты Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер ретінде тіркеу туралы қаулы қабылданды.

Қаулы жобасын таныстыру үшін сөз ҚР ОСК хатшысы Бақыт Мелдешевке берілді. Оның атап өтуінше, Қазақстанның Коммунистік Халықтық партиясының атынан кезектен тыс Президенттік сайлауға түсіп отырған Т.Сыздықов сайлаушылардың 98 384 расталған қолын жинаған.

Айта кетсек, үміткер Тұрғын Сыздықов 1966 жылы Механизация және электрофикация техникумында техник-механик мамандығы бойынша оқып, 1974 жылы Мәскеудегі ВЛКСМ орталық комитетінің жоғары комсомол мектебін тәмамдаған. Кейін Целиноград ауыл  шаруашылығы институтында білім алды. Тұрғын Сыздықов еңбек жолын слесарь болып бастаған. «Қазақсельмаш» зауытында мастер, механик, тракторшы болып жұмыс жасаған. Коммунистік партия қатарына 26 жасында КСРО мезгілінде өткен. Қазір – 67 жаста, компартияның орталық комитетінің хатшысы.

* * *

26 наурыз күні Елордада Қазақстан Коммунистік Халықтық партиясы атынан үміткер Тұрғын Сыздықовқа қолдау білдіретін республикалық сайлауалды штабтың таныстырылымы өтті. Штаб Астана қаласында орналасқан.

Таныстырылым шарасына ҚКХП атынан үміткер Тұрғын Сыздықов, ҚКХП ОК хатшысы Жамбыл Ахметбеков, «Халық коммунистері» фракциясының жетекшісі Владислав Косарев, кандидаттың сайлауалды штабының жетекшісі Айқын Қоңыров және БАҚ өкілдері қатысты.

Таныстырылым барысында Тұрғын Сыздықовтың жақтастары сайлау науқаны кезінде жоспарларымен бөлісті. Штаб жетекшісі қатысушыларды сайлау науқанына арналған жоспармен  таныстырды.

«Штаб алдағы сайлау науқаны мезгілін қамтитын жоспар құрды. Біз зауыт, фабрика ұжымдарымен, партиямыздың қоғамдық қабылдауына келген азаматтармен кездесетін боламыз», – деді Айқын Қоңыров.

Сонымен қатар, шара барысында ҚКХП атынан үміткер Тұрғын Сыздықовтың сайлауалды штабының үш автокөліктен тұратын «үгіт пойызы» таныстырылды.

* * *

Келесі күні Көкшетауда Қазақстан Коммунистік Халықтық партиясы атынан ҚР Президенттігіне үміткер Тұрғын Сыздықов үгіт-насихат науқаны аясында Көкшетау қаласында бірқатар кездесу өткізді.

Алғашқы кездесу «Көкше» Академиясында өтіп, кандидат студенттермен  кездесті. Кездесуде Т.Сыздықов жастарға батыстық мәдениеттің көлеңкелі ықпалы туралы айтып берді.

Сондай-ақ, бұл өңірге сапары барысында Т.Сыздықов «Көкшетау минералды сулары» ЖШС жұмысшыларымен де кездесті.

* * *

Астанада Еуразия гуманитарлық университетінің студенттерімен де жүздескен үміткер Т.Сыздықов батыстық құндылықтар мен мәдениеттің қазір жастарымызға кері әсерін тигізіп отырғанын айтты.

Кездесу барысында үміткердің сайлауалды штабының жетекшісі Айқын Қоңыров та сөз сөйледі. Кездесу соңында ҚР Президенттігіне үміткер өзінің сайлауалды жұмыс науқанына қатысты студенттер тарапынан қойылған бірқатар сауалдарға жауап беріп, штабтың алдағы жоспарларымен бөлісті.  

* * *

Наурыздың 30-ы күні Т.Сыздықов Астана жылу-электр орталығы қызметкерлерімен кездесті. Үміткер өз сөзінде кездесуге қатысушыларды өзінің сайлауалды тұғырнамасының негізгі принциптері туралы хабардар етті.  Сайлауалды тұғырнамада батыс мәдениеті мен құндылықтарының келеңсіз ықпалы мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген.

«Біздің штабта сенімді өкілдер айқындалды. Олар барлық ақпараттық жұмысты жүргізетін болады. Біздің егжей-тегжейлі жұмыс жоспарымыз бар. Бірқатар кездесулер мен іс-шаралар өткізу көзделіп отыр, – деді сайлауалды штаб жетекшісі А.Қоңыров. 

* * *

Наурыздың соңғы күні үміткер Т.Сыздықов Петропавл қаласында «МұнайМаш» АҚ жұмысшыларымен кездесті. Кездесуге, сондай-ақ, үміткердің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша аймақтық сайлауалды штабының өкілдері қатысты.

Кездесу барысында үміткер өзінің сайлауалды тұғырнамасымен таныстырды, ал, оның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша аймақтық сайлауалды штабының жетекшісі Сергей Мартемьянов жиын қатысушыларына жүргізіліп жатқан насихат жұмыстары жайында айтып берді.

* * *

Сонымен қатар,  Қостанай қаласында «Баян Сұлу» АҚ кондитерлік фабрикасы ұжымының өкілдерімен кездескен Тұрғын Сыздықов өзінің сайлауалды тұғырнамасының басты бағыттарымен таныстырды.

Кездесу барысында Қазақстан Коммунистік Халықтық партиясы Қостанай облыстық комитетінің бірінші хатшысы Алпысбай Әлімбаев жиналған жұртты аймақтық сайлауалды штабтың жұмысымен таныстырды. Оның айтуынша,  штаб үміткерді қолдау бойынша қажетті ақпараттық және үгіт жұмыстарын жүргізуде. Штабта бес сенімді өкіл бар, олар насихат материалдарын тарату және халықпен кездесуді ұйымдастыру жұмыстарын атқарып келеді.

Сонымен қатар, Қостанай өңіріндегі «Большевичка» АҚ тігін фабрикасының ұжымымен кездесуде де үміткердің сайлауалды бағдарламасы таныстырылды.

* * *

Сәуірдің 6-сы күні Тұрғын Сыздықов Республикалық сайлауалды штабында кезекті жиналысын өткізді.

– Мен Астана, Көкшетау, Петропавл және Қостанай қалаларында студент, оқытушы және өндіріс орындарының өкілдерімен кездестім. Біз өз жұмысымызды әділ қоғам туралы марксистік-лениндік түсініктерді сақтай отырып құруға және осы арқылы әділетсіз тұстарын жоюға тырысамыз, – деді ол өз сөзінде.

Ал, үміткердің сенімді өкілі, ҚКХП мүшесі Ирина Смирнова сайлауалды насихат кезінде партия батыстық мәдениет пен құндылықтардың көлеңкелі әсеріне баса назар аударатынын жеткізді. 

* * *

Т.Сыздықов Астана қаласындағы «Тұран» университетінде де сайлаушылармен кездесіп, партияның батыс мәдениетінің теріс ықпалы мен оның стандарттарына аса көңіл бөлетіндігін хабарлады.

Сонымен қатар, ол 8 сәуір күні «Екібастұз-Энергоцентр» ЖШС ұжымының өкілдерімен де кездесіп, сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыты – батыс мәдениетінің және батыстық жүйе құндылықтарының теріс ықпалына тоқталды.

Президентікке үміткердің аймақтық штабтары үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жалғастыруда. Осы орайда, Т.Сыздықовтың Атырау облысындағы сайлауалды штабының жетекшісі Е.Дәулетқазиев аймақта үгіт-насихат науқаны қызу қарқын алғанын айтты.

– Біз аймақ жұртшылығымен, оның ішінде шалғай аудандардың тұрғындарымен кездесу өткізіп, оларға үгіт материалдарын таратып жатырмыз. Үміткердің сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарымен таныстырдық», – деді кандидаттың сенімді өкілі.

* * *

Сәуірдің 9-ы күні ҚР Президенттігіне үміткер Т.Сыздықов Павлодар қаласында  «Лифт» ЖШС-нің жұмысшыларымен кездесті. Мұнда да сапардың басты мақсаты сайлауалды тұғырнамамен таныстыру болды.

Кездесу барысында үміткер жастар тәрбиесіне қатысты өз пікірін ортаға салды.

Келесі күні  Өскеменде локомотив жөндеу депосы жұмысшыларымен болған кездесуде де үміткер осы мәселелерді көтерді. Мұнда да ол батыстық стандарттар мен тұтынушылық мәдениеттің теріс ықпалына ерекше тоқталып өтті.

Облыстық сайлауалды штабтың жетекшісі Ш.Байдәулетов қатысушыларға сайлауалды науқан кезіндегі үгіт-насихат және іс шаралары туралы айтып берді.

* * *

Ал, 11 сәуір күні  Т.Сыздықов Астана қаласында кезектен тыс Президент сайлауын бақылау жөніндегі ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының басшысы Корнелия Йонкермен кездесті.

Кездесу барысында сайлау комиссияларының ҚР Президенттігіне кандидаттың насихатшылары мен штабының жұмысын, олардың халықаралық стандарттар мен ұлттық заңдылықтарға сәйкестігін бағалау саласындағы сайлауалды штаб пен миссияның ынтықмақтастығы мәселелері талқыланды.

«Миссияның негізгі міндеті сайлау процесін бақылау және сайлау қорытындыларына сәйкес баяндама жасау», – деп атап өтті К.Йонкер.

ҚР Президенттігіне үміткер Т.Сыздықовтың сайлауалды штабының басты қызметі сайлау заңын ашық және әділ ұстану екендігі атап өтілді.

Кездесу соңында қос тарап демократиялық сайлаулардың басты ұстанымы тең құқылы күрес арқылы әділ сайлау өткізу деген ортақ пікірге келді.

* * *

13 сәуір, дүйсенбі күні Астана қаласында ҚР Президенттігіне кандидат Тұрғын Сыздықов пен республикалық сайлауалды штабтың жетекшісі Айқын Қоңыров кезектен тыс сайлауды бақылау жөніндегі  Республикалық қоғамдық комиссияның өкілдерімен кездесті.

Тараптар сайлауалды науқанының барысы туралы сұхбаттасты, сайлау комиссиялары жұмысында қоғамдық бақылаудың маңыздылығына тоқталды. 

Тұрғын Сыздықов комиссия өкілдеріне штаб жұмысынан хабардар етті, насихат материалдарымен таныстырды, аймақтардағы шаралар және алдағы жұмыс жоспары туралы айтып берді.

– Қазақстанда сайлау насихатын өткізуге барлық мүмкіндік жасалған. Сайлау науқанын жүргізу барысында аймақтық сайлау комиссиялары тарапынан берілген кеңестер мен тиімді заң талаптары, БАҚ-тың мәселелерді толықтай қамтуы, Орталық сайлау комиссиясы тарапынан дайындалған әдістемелік нұсқаулықтар, мұның барлығы сайлау науқанын қалыпты және келеңсіз өткізуге толық мүмкіндік береді, – деп атап өтті үміткер.

Республикалық сайлауалды штабтың жетекшісі Айқын Қоңыровтың айтуынша, сайлау науқаны басталғалы бері БАҚ-пен тығыз қарым-қатынастың нәтижесінде 40-қа жуық ғаламтор желілерінде кандидаттың және сайлауалды штаб туралы жүздеген материал және  бұқаралық ақпарат құралдарында жиырмадан аса мақала жарық көрді.

* * *

Жалпы алғанда, сайлау науқаны басталғалы республикалық штабтың ұйымдастыруымен Тұрғын Сыздықовтың Қазақстанның бес аумағында сайлаушылармен 11 кездесуі өткен. Ал, ҚКХП-ның насихаттық автокеруені Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Шығыс Қазақстан өңірлерінде  болды.

Бүгінгі  күнге  дейін  сайлауалды науқандағы жұмыстарымен облыс орталықтарының 203 қалалық және аудандық комитеті, 2000-нан аса бастапқы партиялық бірлестік қамтылған. Аймақтық штабтар сайлаушылармен кездесу ұйымдастыруда.

Дайындаған  Айгүл  ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз