ЖЫЛЫОЙДАҒЫ «ЖЕҢІС САЯБАҒЫ»

онда  «Мәңгі  алау»  мемориалдық  кешені  орналасқан

Ұлы Отан соғысына Жылыой ауданынан 5000-ға жуық жауынгер аттанса, оның 3163-і елге оралмады. Майданда қан кешіп, жан тапсырған жерлестерімізге арналған орталықтағы мемориалдық кешен ескіріп, тұрғындарға тарлық ететін. Ондағы орнатылған тақтаға соғыстан оралмаған кейбір боздақтардың есімдері енбеген еді. Енді, міне, сол аталарымызға арналған мемориалдық кешен қайта жаңартылды. Аудан әкімі Мақсым Ізбасов осы үлкен бастаманы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында қолға алып, «Мәңгі алау» кешенін қайта жаңғыртты. Соғыс құрбандарын мәңгі есте сақтау мақсатында қойылған және қала тұрғындары үшін демалыс орны болатын осы кешен «Жеңіс саябағы» деп аталды.

Саябақтың ашылу рәсімі салтанатты түрде өтіп, оған облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев арнайы қатысты. Облыс әкімінің орынбасары С.Нақпаев пен аудан әкімі М.Ізбасов саябақтың лентасын қиып, «Мәңгі алау» басына гүл шоғын қойды. Бұдан соң барлығы соғыстан оралмаған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Қазақстан Республикасының Әнұраны ойналды. Алғашқы сөзді облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев алып, облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан жылыойлықтарды мерекемен құттықтады:

– Облыс әкімінің қолдауымен аудан әкімі Мақсым Шафихұлы мен аудан азаматтары үлкен мемориалдық кешенді сіздерге сыйға тартып отыр. Сұрапыл соғыстан оралмаған боздақтарды еске алуға арналған орынды сыйға тартып отырған аудан азаматтарына облыс әкімінің атынан алғысымызды білдіреміз! Киелі мекен – Жылыой ауданы үшін бұл кешен тәрбиелік мәні зор орын болады деп сенемін! Мереке құтты болсын! – деді ол.

Отан үшін өмірлерін қиған жауынгерлердің ерлігі мен қаһармандығы алдында тағзым ететін қасиетті де қастерлі бұл «Мәңгі  алау» мемориалдық кешені, абстракті стилінде қашап жасалынған «Қайғылы ана» мүсінінен, жауынгердің қолындағы тостағаннан жанып шығып тұратын шырақтан, қазақ жауынгерінің бейнесі бар, биіктігі 9 метрлік стелладан және соғыстан оралмаған боздақтардың есімі жазылған тақталардан тұратын композиция қаланы одан сайын көріктендіре түсті. Бұдан соң аудан әкімі Мақсым Ізбасов тұрғындарды осы саябақтың ашылуымен құттықтап, мұндағы мемориалдық кешен туралы айтып өтті:

-«Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деген. Оқ пен оттың ортасына түскен аға ұрпақтың ерлігі туралы талай туындылар жазылып, фильмдер де түсірілді, әлі де жазыла береді. Алайда, осындай асыл ерлердің есімін сақтап, ұрпақтарының жадында жаңғыртып отыруға ескерткіш тақталардың орны ерекше деп білемін. Бұл жердегі «Қайғылы ана» бейнесі бүкіл елдің басына түскен ауыртпалықты көтеріп тұр. Мұңайған ананың абстрактілі көрінісі көпшілікті ойға қалдыратын, ішкі сезіммен түсінетін стильде орнатылғанын, бұндай стильдегі мүсін өнерін бүгінгі қоғамның жақсы қабылдайтынын, толғанысқа жетелейтін бағыттардың бірі екенін және бұл, бір жағынан, өнеріміздің өркендеуін, ел азаматтарының мәдени-рухани биік талғамын көрсетеді. Халқымызда «Шырағың сөнбесін» деген жақсы тілек бар. Жер астынан шыққан жауынгер қолындағы шырақ олардың ошағының оты сөнген жоқ, бүгінгідей ұрпағы барда шырағы мәңгі жанып тұра береді деген мағынаны білдіреді. Ал, мына стелла мен қос қанатындағы боздақтардың есімі жазылған тақталар – ұрпақтарының тағзым ететін қастерлі орны. Сонымен қатар, алдағы уақытта бұл жерде Ауғанстан жеріндегі соғысқа қатынасып, интернационалистік борышын атқарған ардагерлерге, оралмаған боздақтарға және саяси қуғын-сүргін құрбандарына ескерткіштер орнатуды жоспарлап отырмыз. Осындай ел қастерлейтін киелі орынды тазалықта ұстау, оның қадір-қасиетін бағалай білу біздің басты міндеттеріміздің бірі болуы тиіс,-деген аудан әкімі М.Шафихұлы баршаны осындай азаматтық пен патриотизмге тәрбиелейтін, көпшілік бас иіп, тағзым ететін қоғамдық орындардың мән-мағынасын жоғары ұстап, оны қастерлей білуге шақырды. Еліміздің аман, халқымыздың тыныш болуын тіледі. Осыған қолдау көрсеткен кәсіпкерлерге алғысын білдірді.

Сондай-ақ, шарада соғыс ардагері Қыдырбай Жақсыбаев сөз сөйледі. Ұрпақтарына бейбіт күн тілеп, ақ батасын берді. Бұдан соң аудандық мешіттің бас имамы Арман Исаев соғыстан оралмаған боздақтардың рухына бағыштап дұға оқыды. Бұл жерде көпшіліктің демалуына жайлы жағдай жасалған. Жолтөсемдері төселіп, жарықтандырылған. Аққайың секілді біздің өңірлерде сирек кездесетін ағаштар отырғызылған.

Перизат ҚИЗАТОВА,

Жылыой ауданы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз