БАТЫЛ БАЙЛАНЫСШЫ

Ұлы Отан соғысында қазақтың қайсар жігіттері ержүрек, нағыз батырдың ұрпақтары екендерін дәлелдеді. Солардың бірі майдан даласында қарша бораған снарядтардың арасында жүріп, байланысшы қызметін атқарған Қуан Ғалиев еді.

 

Ол сұм соғысқа 1943 жылы 18 жасында аттанады. Сол  жылдың қазан айынан бастап ІІ Прибалтика майданында Армия генералы Баграмянның басшылығындағы 8-ші жеке ротада байланысшы радист-телеграфист болып соғысқа кіріседі. Ефрейтор Қуан майдан шебінде байланыс сымдарын тартып, ауыр құралдарды тасымалдап, полк командирлерін уақытында байланыспен қамтамасыз етіп отырады. Алдыңғы шепте жүргендіктен талай рет жаумен бетпе-бет келіп, атысып қалатын, бірнеше мәрте барлауға да шыққан кездері аз болмаған. Өзіне жүктелген міндетті шапшаңдылық пен мергендік танытып, телеграфпен талай рет штабқа құнды ақпараттар хабарлайды. Қызметін асқан ыждағаттылықпен атқарған Қуанға командирлер бірнеше мәрте алғыс жариялап, марапаттарға ұсынады. Ол суда шапшаң жүзіп, қараңғыда адаспай жол табатын. Осынысымен командирлеріне қатты ұнайтын. Тіпті, қандай да бір қиын-қыстау жолдарға жұмсаса да жол тауып келе беретіні сонша, майдан даласының картасын ойына тез жаттап алып, ендік пен бойлықты, батыс пен шығысты күндіз-түні бірдей ажырата білген.

Сонымен қатар, өзен-көлдерді, орман-қырларды картада дәл бұлжытпай белгілейтін Қуанның шеберлігін командирлері соғыс тактикасына үнемі пайдаланып отырса, машиналарды жүйткітіп, аттың құлағында ойнайтын өнерін де майдан даласында ұтымды қолданады. Бірде алғашында шегінумен болған кеңес әскерлері аса қиын жағдайда болады. Осы тұста, Қуан Ғалиев бірнеше рет байланыс сымдарын тартып, жинаймын деп жүріп фашистермен бетпе-бет атысып қалады да, қарулас жолдастарымен жау қоршауына түседі. Сол сәтте, ол жау қоршауын аталмыш қасиеттерінің арқасында ерлікпен бұзып өтіп, өз ротасына қосылады. Міне, соғыс жылдарында осылайша ерлік көрсеткен ол жеңісті неміс жерінде қарсы алып, ерлігі үшін көптеген медальдармен марапатталды. Қуан әскер қатарынан 1946 жылы босатылып, елге келісімен Қарабау ауылындағы кеңшар жұмысына белсене араласып, еселі еңбек етті.

Жеңісті жақындатуға белсене араласып, майдан даласында мәрттігімен танылған Қуан Ғалиевтің ерлік істері ұрпақ жадында мәңгілікке сақталмақ.

Бауыржан АМАНҰЛЫ. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз