Жарнама
Жыл қорытындысы

Жыл қорытындысы: Құрылыс жұмыстарының қарқыны қалай?

Атырау облысында бірқатар тұрғын үй бой көтеріп, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және экология салаларында ауқымды құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл туралы облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Тұрғын үй – басты назарда

2024 жылы барлық қаржыландыру көзінен 750 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланды. Оның 181,028 мың шаршы метрі  – бюджеттік үйлер. Қазір  11 айдың қорытындысы бойынша 628,985 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл бекітілген жоспардың 99,5%-ын құрайды.

 «NCOC» компаниясы арқылы әлеуметтік инфрақұрылымдық жобалар бағдарламасы шеңберінде Махамбет, Исатай, Қызылқоға, Құрманғазы, Мақат  аудандарының орталықтарында 3 қабатты 60 пәтерлік тұрғын үй құрылысы  жүргізілуде.

Денсаулық сақтау: ұлттық жобалар жүзеге асуда

Медицина саласы – аймақтағы басты назарда тұрған салалардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл медицинасын дамыту және шалғай елді мекендерді сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етуге бағытталған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында биыл бірқатар медициналық нысандар пайдалануға берілді.

Атап айтқанда, Атырау қаласындағы «Дамба» және «Жұлдыз» шағынаудандарында дәрігерлік амбулаториялар, Құрманғазы ауданының Азғыр және Сүйіндік ауылдарында медициналық пункттер салынды. Сонымен қатар, Исатай ауданы Аққыстау ауылының «Өркен» шағынауданында, Жылыой ауданының Қарағай ауылында және Махамбет ауданының Аққайың ауылында медициналық пункттердің құрылысы аяқталып, іске қосылды.

Қазір өңірде 9 медициналық нысанның құрылысы жүріп жатыр:
• Атырау қаласындағы «Нұрсая» және «Өркен» ықшам аудандарында бір ауысымда 250 адам қабылдайтын заманауи емханалар;
• Мүгедектерге арналған 150 орындық оңалту орталығы;
• Облыстық онкологиялық диспансер жанындағы радиологиялық корпус;
• Қызылқоға ауданы Мұқыр ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның қосымша ғимараты.

Бұдан бөлек, үш қосалқы станциясы бар жедел медициналық жәрдем станциясының құрылысы 2025 жылы аяқталмақ.

Шалғайдағы елді мекендерде де медициналық қызмет қолжетімді бола түспек. Құрманғазы, Исатай, Қызылқоға аудандарында фельдшерлік-акушерлік пункттер, медициналық пункттер мен дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы жүріп жатыр.

Мәдениет пен спорт: жаңа нысандар бой көтеруде

Мәдениет және спорт нысандарының құрылысында да елеулі ілгерілеу байқалады. Биыл «Химпоселок» пен «Бірлік» шағынаудандарында, Қызылқоға ауданының Жасқайрат және Тасшағыл ауылдарында спорт кешендерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ Мақат ауданының орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды.

Мәдениет саласында 12 нысанның құрылысы жалғасуда. Олардың қатарында:
• Мұқыр ауылында 400 орындық мәдениет үйі;
• Қарабау ауылында 300 орындық мәдениет үйі;
• Исатай ауданы Нарын ауылында 300 орындық мәдениет үйі;
• Құрманғазы ауданының бірнеше ауылдарында 100-ден 300 орынға дейінгі мәдениет үйлері бар.

Сонымен қатар, Атырау қаласында 1200 орындық концерт залы мен тарихи-өлкетану мұражайының және 600 орындық конгресс-холдың жобалары әзірленуде.

Экология: өзендер мен кәріз жүйесі жақсарады

Экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған жобалар да қолға алынған. Жайық өзенінің 50,5 шақырымы мен Қиғаш өзенінің 74,5 шақырымында түп тереңдету жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ Жем өзені мен Құрсай каналының 58 шақырымы тазартылды. Бұл жұмыстар өзендердің гидрологиялық режимін жақсартып, су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Инфрақұрылымдық жобалар арасында кәріз тазарту жүйесінің құрылысы ерекше орын алады. Аққыстау ауылында кәріз тазарту ғимаратының құрылысы аяқталса, Құрманғазы, Махамбет, Мақат және Жылыой аудандарында осындай нысандардың жобалары әзірленуде.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button