Жыл қорытындысы: Қоршаған ортаны қорғау шаралары
Атырау облысында қоршаған ортаға қатысты экологиялық мәселелер күрделі күйінде қалып отыр. Негізгі мәселелер қатарында Каспий теңізінің және Жайық өзенінің тартылуы, атмосфералық ауаның өндірістік зиянды заттармен ластануы, жер асты суларының ластануы, қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару және елді мекендерді құм басу сияқты проблемалар бар.
Жауапты мекеме өкілдерінің хабарлауынша, облыс әкімдігі Қазақстан Республикасы Экология, табиғи ресурстар министрлігімен бірлесе отырып, өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған Жол картасын қабылдады. Аталған жоспар аясында 38,3 млрд. теңге бөлініп, оның ішінде республикалық бюджеттен 34,1 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен 4,2 млрд. теңге және жеке инвесторлардың есебінен 9,7 млрд. теңге қарастырылған.
Зиянды шығарындыларды азайту жұмыстары
Экологиялық төлемдерді қоршаған ортаны қорғау саласындағы нақты проблемаларды шешуге жұмсау мақсатында, жергілікті бюджетке түскен қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлем сомасы 2022 жылы — 13,4 млрд. теңге, 2023 жылы 9,49 млрд. теңгені құрады.
2024 жылға қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін жергілікті бюджетке түсетін төлемнің жалпы сомасы 5,9 млрд. теңгені құраса, ағымдағы жылғы 1 желтоқсанға 8,7 млрд. теңге болды.
Қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару
Облыс тұрғындарын алаңдататын басты мәселелердің бірі — тұрмыстық қалдықтардың жиналуы мен полигондардың экологиялық талаптарға сәйкес болмауы. 2024-2026 жылдары облыстағы 10 полигонды жаңғырту және аудан орталықтарынан 18 жаңа полигон салу жоспарлануда. Жергілікті бюджеттен 1,8 млрд. теңге бөлініп, сұрыптау кешендері мен контейнерлер сатып алынуда.
Сонымен қатар, «Жасыл Даму» бағдарламасы аясында 5 млрд. теңгеге 6 жоба ұсынылды. Бұл жобалар өңірдегі кәсіпкерлерге арнайы техникалар мен құрал-жабдықтар сатып алуға бағытталған.
Су ресурстарын сақтау және қалпына келтіру
Каспий теңізінің тартылу себебін зерттеу үшін ғылыми-зерттеу жұмыстары басталып, теңіз жағасындағы тұзды шаңның әсерін азайтуға арналған нақты бағдарлама әзірлеу ұсынылуда.
Жайық және Қиғаш өзендерінің экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында түп тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін Жайық өзенінде 50,5 км, Қиғаш өзенінде 74,5 км учаске тазартылды. Бұл шаралар өзен сулылығы мен гидрологиялық режимін жақсартып, балықтардың тіршілік етуіне қолайлы жағдай жасауға ықпал етуде.
2024 жылы Жайық өзеніне 1,052 млн. бекіре шабағы жіберілсе, «Caspian Royal Fish» ЖШС экологиялық өтем аясында 1,592 млн. шабақ жіберді. Жайық-Атырау бекіре балық зауытын жаңғырту жұмыстары да жоспарға енгізілді.
Қазіргі таңда, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігімен Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауытын жаңғырту жобасын іске асыру жоспарланды.
Бұдан бөлек, Махамбет ауданында «А-Дана» Ш/қ-ы қуаттылығы жылына 85 тонна тауарлы балық және 15 млн. дана бекіре тұқымдас балық шабақтарын өсіретін жоба іске асырылуда. Аталған жобаға жергілікті бюджеттен 900 млн. теңге қаражат бөлінді.
Өңірде инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда, атап айтқанда, 7 тоған шаруашылығы іске асырылады.
Көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Атырау облысында 2021-2025 жылдары 2803 гектар орман алқабына 7 млн. көшет, ал елді мекендерде 279 гектар жерге 540 мың ағаш отырғызу жоспарланған. 2021-2024 жылдары орман қоры учаскелерінде 1,845 гектар аумаққа 4,6 млн. ағаш көшеті отырғызылды.
Облыс орталығындағы жасыл аймақтарды дамыту үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жыл сайын 3 мың көшет отырғызылып, гүлзарлар мен бұталар егілуде. Бұл жұмыстардың нәтижесінде, Атырау қаласындағы жасыл желектер саны 2019 жылмен салыстырғанда 58,3%-ға артып, 2023 жылы 68 298 түпке жетті.
Мемлекет басшысының аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес ағымдағы жылдың 8-сәуірінен бастап «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы бастау алды.
Облыс бойынша «Таза Қазақстан» Республикалық экологиялық акциясын жыл соңына дейін іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары жасақталды. Жоспарда 19 іс-шара қарастырылған.
Қоршаған ортамыздың тазалығын сақтау мәселесінде өткізілген сенбіліктерге 86 мыңға жуық адам қатысып, 1522 техниканың күшімен 2000тонна қоқыстар полигондарға шығарылды. Өңіріміздің елді мекендерін көгалдандыру мен жасыл аймақтар құрудың жоспарына сәйкес, биыл 59 гектар аумаққа 117000 дана ағаш отырғызу жоспарланып, бүгінгі күнге 52,9 гектар жерге 79,8 мың дана ағаш көшеттері отырғызылды. Жұмыстар жалғасуда.
«Тухлая балка» буландыру алаңы мен сарқынды суларды тазарту
Атырау қаласындағы «Тухлая балка» буландыру алаңын қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Бұл аумақта 476 гектар жер тазаланып, көпжылдық шөптер мен 855 дана қарағаш көшеті отырғызылды. АМӨЗ-гетиесілі қалған 860 гектар аумақта жұмыстар жалғасуда.
Қаланың оң жағалауындағы сарқынды суларды буландыру алаңын тазарту 2025 жылға жоспарланған. Бұл шаралар толық аяқталған соң, жағымсыз иістер мен атмосфераға зиянды заттардың таралуы едәуір азаяды деп күтілуде.
Буландыру алаңдарында атқарылған жұмыстар нәтижесінде ауаға жағымсыз иістің тіркелуі сиреп, тұрғындардың шағымдары азайып отыр.
Қаланың оң жағалаудағы «Квадрат» сарқынды сулардың буландырғыш- тоғанын тазарту жұмыстары да 2025 жылы аяқталады.
Аталған жұмыстардың барлығы толығымен іске асырылған жағдайда, яғни 2025 жылда қаламыздың атмосферасына таралатын газдар мен жағымсыз иістердің, жер үсті суларына ауадан түсетін салмақтың және жер асты суларының зиянды заттармен ластануларының азаюы күтіледі.
P.S.Атырау облысында экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл шаралар қоршаған ортаны қорғау саласында маңызды нәтижелерге қол жеткізіп, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА