Жыл қорытындысы: қазақстандық тергеушілер сотқа 50 мыңға жуық іс жіберген
Бүгінде еліміздегі қылмыстық істердің 96%-ын ішкі істер органдарының тергеушілері тергеп жатыр. Осы жылдың басынан бері полиция 360 мың қылмыстық істі тергеді, оның ішінде 167 мың іс аяқталды, 50 мыңға жуығы сотқа жіберілді, – деп хабарлайды Kazinform Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Сонымен қатар биыл ІІМ-нің тергеушілері азаматтарға ірі шығын келтірген қылмыстық топтарға, есірткі зертханаларына, бала саудасына, қаржы пирамидаларына қатысты қылмыстық істерді тергеуді аяқтады. Ішкі істер органдарының істері бойынша барлығы 49 мың адам қылмыстық жауапқа тартылса, оның 1409-ы аса ауыр қылмыс, 12 517-сі ауыр қылмыс жасаған. Тергеушілер жұмысындағы басым бағыттардың бірі — қылмыстан зардап шеккендерге келтірілген шығынның өтелуін қамтамасыз ету. Биыл жәбірленушілерге 21 млрд теңгеден астам шығын өтелді, ал мүлікті тәркілеуге қатысты сот үкімін орындау мақсатында 1 млрд теңгеден астам мүлікке тыйым салынды. Тергеу нәтижелері бойынша тергеу және анықтау бөліністерімен қылмыстық құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою туралы 50 мыңнан астам ұсыну енгізілді.
– Ішкі істер министрлігі қылмыстық істерді тергеп-тексеру сапасына және сотқа дейінгі өндіріс барысында азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуына ерекше назар аударады. Қызметкерлердің кәсіби деңгейі мен біліктілігін арттыру мәселелері де назардан тыс қалмайды. Осы жылы ІІМ базасында 300-ден астам тергеу аппаратының басшысы оқудан өтті. Ведомстволық оқу орындарында 450-ден астам қызметкер біліктілігін арттырды. Қылмыстың жекелеген түрлерін, оның ішінде интернет-алаяқтық сияқты жаңа түрлерін тергеу бойынша әдістемелік ұсынымдар аумақтық полиция бөліністеріне жолданды, – деді ҚР ІІМ тергеу департаменті басқарма бастығы Ермек Шүлден.