Жыл қорытындысы: Мәдениет саласындағы айтулы оқиғалар
Осы жылға жоспарланған іс-шаралардың қатарында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігімен бекітілген мерейлі даталарға арналған іс-шаралар ретімен ұйымдастырылды.
Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мира Дәулетбаевадан алған мәліметке сүйенсек, «Жошы ұлысының 800 жылдығына» орай «ШЕБЕР – FEST 2024» атты шеберлер мен қолөнершілердің республикалық фестивалі, Рысбай Ғабдиев атындағы ІІІ республикалық дирижерлер конкурсы, Қаршыға Ахмедьяров атындағы «Нарын» халық аспаптар оркестрінің Республикалық деңгейдегі дирижерлармен концерттері, Табылды Досымовтың шығармаларына арналған «Самала саздар сағымы» атты аймақтық ән байқауы, танымал сазгер Болат Қохамановтың шығармашылығын насихаттау және қолдау мақсатында «Атырау – ардақты өлкем» атты эстрадалық ән орындаушылар арасындағы республикалық конкурс, «25 қазан – Республика күніне» арналған «Менің елім, менің жерім…» тақырыбында кәсіби суретшілердің республикалық симпозиумы өтті.
Сонымен қатар, үстіміздегі жылы аталып өтілетін, өңірге танымал тұлғаларды ұлықтау мақсатында өлке әдебиетінің көрнекті тұлғалары Фариза Оңғарсынова, Берқайыр Аманшин, Нұралы Әжіғалиевке арналған облыстық өнер ұжымдарының театрлық қойылымдары мен өзге де ақпараттық-танымдық іс-шараларын және концерттік бағдарламалары ұйымдастырылды.
Жазушы Әбіш Кекілбаевтың туғанына 85 жыл толуына орай, «Талғамы биік дара тұлға» кітап көрмесі, «Азамат жолы ар жолы» Әдеби қобдиша, «Мұхиттай айдынды шыңырау» Ауызша журнал, «Әбіш әлемі» Әдеби сағат, «Кемел талант, дара дарын» библио – репортаж, «Қазақ руханиятының абызы» Кітаптарына шолу шаралары жоғары деңгейде аталып өтті.
Бұған қоса, Фариза Оңғарсынова, Берқайыр Аманшин, Нұралы Әжіғалиев секілді көрнекті тұлғаларға арналған облыстық өнер ұжымдарының концерттері, театрлық қойылымдары мен өзге де ақпараттық-танымдық іс-шаралар ұйымдастыру көзделген. Атап айтқанда, Халық ақыны, қоғам қайраткері Ф.Оңғарсынованың «Жыр падишасы-Фариза» поэтикалық әдеби-сазды кеші, ғылыми конференция, «Патша сөздің Фаризасы» тақырыбындағы аймақтық эссе байқауы өткізілді.
Жазушылар Одағының Атырау облыстық филиалымен бірлесіп, көрнекті ақын, қоғам және мемлекет қайраткері Ф.Оңғарсынованың 85 жылдығы аясында, Атыраулық қаламгерлердің шығармашылығын насихаттау және әдеби шығармалардың оқылым санын көбейту мақсатында «Атырау толқындары» атты аудиокітап жарыққа шығарылды және «Букмейт» технологиялық платформасына орналастырылды.
Фариза Оңғарсынованың туғанына 85 жыл толуына арналған апталық аясында облыс орталығының ең көрнекті жеріне орнатылған ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Бұл шараға елімізге белгілі зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері және жоғары оқу орындары мен колледж студенттері қамтылды.
«Фариза — рух жанартауы» атты республикалық әдеби-танымдық конференциясы ұйымдастырылды. Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында Мемлекет және қоғам қайраткері Ф.Оңғарсынованың 85 жылдығына арналған салтанатты әдеби — сазды кеші өтті. Шарада Фариза Оңғарсынованың өмірі мен шығармашылығына арналған тақырыптық көрме жасақталды. Іс-шарада театрландырылған музыкалық поэтикалық мультимедиалық қойылым көрермен назарына ұсынылды.
Қаршыға Ахмедьяров атындағы «Нарын» халық аспаптар оркестрінің Республикалық деңгейдегі дирижерлармен концерттері өткізілді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Рахат Мадреевтің жетекшілігімен Қ.Ахмедияров атындағы «Нарын» халық аспаптар оркестрінің «Дала сыры» атты концерті өтті. Қазақстан Композиторлар Одағының 85 жылдығы аясында ұйымдастырылған іс-шараның басты мақсаты – дирижерлар мен оркестр ұжымдарының өзара тәжірибе алмасуына, кәсіби біліктілікті шыңдауына жағдай жасау болып табылады.
Сонымен қатар, «Атырау – ардақты өлкем» атты Болат Қохаманов әндерінен республикалық вокалистер байқауының қорытынды гала-концерті өтті. Ең алдымен Атыраудың арда ұлы, композитор, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Болат Кохамановтың шығармашылығын насихаттау бағытындағы байқаудың жүлдегерлерін марапаттау салтанаты ұйымдастырылды.
Түркітілдес халықтардың «Saz Perneli Saraishyq» ІІ Халықаралық музыкалық «Dombyra» фестивалі өткізілді.
Ұлттық өнерді ұлықтап, түркі халықтары арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталған екі күндік бұл шараның алғашқы күні үлкен табыспен аяқталды. Фестивальдің басты мақсаты – ғасырлар бойы сақталып келген қазақтың ұлттық домбыра өнерін кеңінен насихаттап, ұлтаралық келісім мен халықтар арасындағы достықты одан әрі тереңдету.
Айдарбек АҚАРЫС
Суреттер: Е.АЛТЫБАЕВ, Ә.ӘБІЛҒАЗИЕВ