Жыл қорытындысы: Дәрігерлерге лайықты демеу
Өңірде жиі талқыға түсетін тақырыптың бірі – дәрігер тапшылығы. Облыстық денсаулық басқармасының мәліметі бойынша өңірде 1660 дәрігер, 5339 орта медициналық қызметкер жұмыс жасайды. 10 мың халыққа шаққанда мамандардың қамтамасыз етілуі тиісінше 23,4 және 78,1 %-ды құрайды.
Бүгінде облыста 139 дәрігер жетіспейді. Мәселен, ресми ақпараттарға тоқталсақ, осы жылдың 9 айында 107 дәрігер жұмысқа қабылданса, түрлі себептермен 224 дәрігер жұмыстан босатылды. 173 зейнеткерлік жастағы дәрігер жұмыс жасайды.
Бүгінгі таңда негізінен акушер гинекологтар, жалпы тәжірибелі дәрігерлер, терапевттер, хирургтар, сәулелік диагностика дәрігерлері тапшы болып отыр. Ауылдық елді мекендерде 9 жалпы тәжірибе дәрігері, 3 акушер гинеколог, 3 терапевт маманға сұраныс жоғары.
Ағымдағы жылдың қорытындысымен облыстағы дәрігерлердің 213-і босану және бала күтімі бойынша демалыста отырғаны анықталды. Оның 45-і — 2022 жылдан бері, 82-сі 2023 жылдан бері әлеуметтік демалыста, 2024 жыл басынан бері қазіргі уақытқа дейін 86 дәрігер әлеуметтік демалысқа кетіп отыр. Олардың тек 50-і ғана биыл жұмысқа қайта қосылды.
Сонымен қатар, өңірде дәрігер жетіспеушілігі мәселесін болдырмау үшін медицина қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Мәселен, жыл басынан бері дәрігерлерге 105 пәтер берілді. Бір реттік көтерме ақы бойынша — 97, жеңілдетілген ипотека бойынша 40 маман пәтерге ие болып отыр. Өткен жылмен салыстырғанда биыл дәрігерлерге берілетін бір реттік көмек 2 есеге көбейтілген. Ауылдық жерге барып жұмыс істеуге келіскен дәрігерге 10 млн. аудан орталығында қызмет етемін дегендерге 8,5 млн. теңге төленген. Ал, облыс орталығында еңбек еткісі келген мамандарға 5 млн. теңге көлемінде көмек көрсетілді.
Облыс әкімдігі тарапынан медицина қызметкерлерінің үздіксіз кәсіби дамуы үшін олардың біліктілігін арттыруына жағдайлар мен мүмкіндіктер жасалуда. 2022 жылы облыста жалпы 846 бейінді маман, оның ішінде 105 маман Израйл және Германия мемлекеттерінде біліктілігін арттырып келсе, Израйл елінен мамандар келіп өңірдегі 132 маманға көшпелі мастер кластар өткізді. 2023 жылы «Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасы» ШЖҚ РМК 431 медициналық қызметкердің біліктілігі арттырылды.
Әрине, жауапты министрлік мен жергілікті атқарушы билік тарапынан қолға алынған жұмыстар аз емес. Жалпы осы жылы денсаулық сақтау саласын медициналық жабдықтарға жергілікті бюджеттен 5,1 миллиард теңге бөлінген.
Еркеназ ҚАЛИЖАН