Жарнама
Жыл қорытындысы

Жыл қорытындысы: Ауыл шаруашылығында өміршең жобалар мен ауқымды істер атқарылды

Аймақтың агроөнеркәсіп кешенін табысты да тиімді дамыту, саланы сапалық тұрғыдан тиісті деңгейге көтеру бағытында Атырау облысында аяқталғалы отырған жылда да өрісті де өміршең жобалар жүзеге асырылып, ауқымды жұмыстар атқарылды.

            Ұлттық статистика бюросының Атырау облысы бойынша департаментінің  ақпаратына сәйкес, 2024 жылдың қаңтар-қараша айларында ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында қаржылай сомасы 103,3 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Бұл көрсеткіш: мал шаруашылығында – 59,5 млрд. теңгені, егін шаруашылығында 40,6 млрд. теңгені құрады. Тұтастай алғанда, ауыл шаруашылығы өнімднрінің нақты көлем индексі – 96%-ға, соның ішінде егін шаруашылығы және мал шаруашылығында 83,8% және 106,6%-ға тұрақтады. Кездескен кедергілер мен қиындықтарға қарамастан жоспарланған жұмыстар толықтай орындалып, жыл басында белгіленген межеге қол жеткізілді.

Төрт түліктің басы өсті, өнімі молайды

            Есепті кезеңде мал өнімдері артығымен өндіріліп, төрт түліктен де өсім байқалды. Облыстағы атакәсіппен айналысатын  шаруашылық құрылымдарының саны 2133-ке жетті. Өткен жылы өңірде мал өсірумен шұғылданатын 1920 шаруа қожалығы тіркелсе, биыл ол 1946-ға артқан. Аймақтағы асыл тұқымды мал шаруашылығының саны 109-ды құрап, былтырғымен салыстарғанда 8 бірлікке көбейген. Жалпы алғанда осы санаттағы шаруашылықтардың бағымында 8 112 мүйізді ірі қара, 35 164 қой-ешкі, 1 274 жылқы және 945 түйе бар.  Бұлардағы аналықтардың үлес салмағы 24%-ды құрайды. Асыл тұқымдыға жататын төрт түліктің ішінен өңірде еттік бағыттағы мүйізді ірі қара мал, еділбай тұқымды қой,  қазақтың жабы тұқымды жылқысы мен түйенің қазақы бактриан тұқымын айрықша атауға болар еді. Мамандардың түсіндіруінше, мұндай малдан алынатын өнімнің сапасы жоғары болатын көрінеді.

Егін шаруашылығының еншісі басым

            Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Азат Қапановтың айтуынша облыста 2024 жылы егістіктің жалпы көлемі 10 825 гектарды құрайды деп болжанған болатын. Алайда, көктемгі су тасқынының салдарынан егістікке дайындалған 5564,3 гектары жер су астында қалып, жоспарланған алқаптың тең жартысына жуығына (5 260,7 гектарына) егін егілді. Оның ішінде: көкөніс – 1 542,1, бақша – 937,3, картоп –  600,1, малазықтық дақылдар 2 181,2 гектарды құрады. Суармалы жерлер көлемін ұлғайту мақсатында егіншілікте су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемін ұлғайту жұмыстары үнемі жүргізілуде. Соның ішінде су үнемдеу технологиясымен жаңбырлату әдісі – 2181,2 , тамшылату тәсілі 3079,5 гектар аумаққа қолданылды.

            Қиындықтар мен қолбайлауларға қарамастан, қолдағы бар егістіктен  137157,4 тонна өнім алу жоспарланған-ды. Жыл қорытындысында белгіленген меже 100%-ға орындалды. Жиын-терім жұмыстарының ысырапсыз жүргізілуінің нәтижесінде: көкөністен – 69 394,5, бақшадан – 37 492, картоптан – 15 002,5 және  малазықтық дақылдардан – 15 268,4 тонна сапалы өнім алынды. Биыл өсімдік зиянкестерімен күреске де көп көңіл бөлінді. Атап айтқанда,  үйірлі шегірткелерге қарсы 86,21 мың гектар аумаққа химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде, азиялық шегірткеге қарсы – 28,11, итальяндық прусқа қарсы 58,1 мың гектар алқап өңделді.

            Бір сөзбен түйіндегенде, бұл белесте агросектордағы ортақ табыста егіншіліктің де еншісі басым болғаны даусыз.

«Ауыл аманаты» үмітті ақтады ма?

            Салалық басқарманың баспасөз қызметінің мәліметінше, алдыңғы жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасын орындауға облысқа  республикалық бюджеттен 1 504 млн. теңге бөлінді. Төрт бағыт бойынша бұл қаражатқа 188 несие беру арқылы 199 жұмыс орнын құру жоспарланған болатын.  Жыл қорытындысымен барлығы 192 несие беріліп, бөлінген қаражат толық игерілді. Қаржыландырылған өтінімдердің нысаналы мақсатына қарай: мал шаруашылығын дамытуға – 1 087  млн. теңгеге 138, техника мен жабдықтарды сатып алуға 400 млн. теңгеге 52, өсімдік шаруашылығын өрендетуге – 17 млн. теңгеге 2 өтінім қабылданып, толықтай қанағаттандырылған. Айта кету керек, өтінімдердің басым бөлігі мал шаруашылығына бағытталды. Бұған бөлінген қаражат негізінен жеке қосалқы шаруашылықтарда жер учаскелерін, сондай-ақ ауылдық елді мекендердегі бос жерлерді тиімді пайдалануға жұмсалды. Биыл 761 млн. теңгеге  ауыл шаруашылығы кооперативтерін несиелендіру жұмыстары жүргізілуде.

Дәулетқали АРУЕВ

Коллажды жасаған: Дәурен ҚУАНЫШ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button