Жарнама
Жыл қорытындысы

Жыл қорытындысы: Атырау облысы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша үздіктер қатарында

2024 жылдың он айының қорытындысы бойынша, Атырау облысы елімізде инвестиция тарту көрсеткіштері бойынша көш бастап келеді. Өңірде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1,7 трлн. теңгені құрады. Оның ішінде шетелдік тікелей инвестиция көлемі 1,1 млрд. АҚШ долларына жеткен.

Ірі жобалар және экономикалық өсім

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің мәлімдеуінше, аймақта ірі өндірістік жобалардың орындалуы негізгі экономикалық драйвер болып отыр. Әсіресе, Теңіз кен орнындағы «Келешек кеңею» жобасының аяқталуы ерекше маңызды. Осы жобаның аясында биыл тартылған инвестиция көлемі 840 млрд. теңгені құрады.

Сонымен қатар, облыс тек мұнай-газ секторына ғана емес, өзге салаларды дамытуға да басымдық беруде. Жыл сайын бұл бағытқа бөлінетін инвестиция көлемі артып келеді.

Шағын және орта бизнесті қолдау

Шағын және орта бизнесті қолдау шараларының арқасында өңірде жаңа жұмыс орындары ашылып, кәсіпкерлік дамудың оң қарқынына ие болды. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында биыл 12,3 млрд. теңге бөлініп, 1000-ға жуық бизнес субъектісі қолдауға ие болды.

Несие сомасы 31,4 млрд. теңгені құрайтын 634 кәсіпкердің пайыздық мөлшерлемесі субсидияланды.

318 кәсіпкердің жобасына 10,2 млрд. теңге көлемінде кепілдік берілді.

Жалпы, 529 жаңа жұмыс орны ашылды.

Ауыл шаруашылығындағы жетістіктер қандай?

Ауыл шаруашылығы саласында да айтарлықтай өсім байқалады. Мәселен, биыл ірі қара малдың саны 223,8 мыңға жетсе, үй құстарының саны екі есе өсті.

Салаға қатысты үш инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 90 жаңа жұмыс орны құрылды.

2025 жылы құны 26,2 млрд. теңге болатын төрт жаңа жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл қосымша 187 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

«Ауыл аманаты» жобасы – ауылға жаңа серпін

Президент тапсырмасымен бастау алған «Ауыл аманаты» жобасы өңірде сәтті жүзеге асырылуда. Жоба аясында 761 млн. теңге қаражат бөлініп, 83 жобаға қолдау көрсетілді. Бұл ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға елеулі үлес қосуда.

Жұмыспен қамту – басты назарда

Өңірде жұмыспен қамту мәселесі жүйелі түрде шешілуде. 2024 жылдың он айында 49 мыңнан астам азамат жұмыспен қамту шараларына тартылды. Оның ішінде 31 374 жаңа жұмыс орны ашылса, 21 мыңнан астамы тұрақты жұмыс орындары болды.

Түйіндеп айтқанда Атырау облысы биылғы жылды әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша табысты аяқтап келеді. Аймақ тек инвестиция тарту ғана емес, экономиканы әртараптандыру, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамыту салаларында да көш ілгері екенін көрсетті.

А.НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button