Жыл қорытындысы: Әлеуметтік саладағы өзгерістер
Мемлекеттен көмек алатын адамдардың тізімі ең төменгі күнкөріс шегі бойынша есептеліп отыратындығы белгілі. Бірақ оның қазіргі таңдағы өмір сүру дәрежесіне сәйкес келмейтіндігі айқын болып отыр. Аз күндерден соң, тағы бір жылды тарих қойнауына тапсырып, Жаңа жылмен қауышпақшымыз. Келер жылдан күтетін үмітіміз де аз емес. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратынша, Жаңа жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың тәртіптеріне бірқатар өзгерістер енгізілмек.
Зейнетақы қаншаға өседі?
Базалық есептік көрсеткіштердің өсуінен кейін зейнетақы көлемі артады. Оның көлемінің ұлғаюы елдегі 2,4 миллион зейнеткерге қатысты болып отыр.
«2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы аясында 2025 жылғы зейнетақы төлемдеріне 4 231,3 млрд. теңге қарастырылған. Оның ішінде жасына және еңбек өтіліне байланысты зейнетақы төлемдеріне 2 867,7 млрд. теңге, базалық зейнетақы төлемдеріне 1 363,6 млрд. теңге бөлінбек» делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.
Ведомствода зейнетақының жаңа мөлшері жарияланған. Яғни Жаңа жылда зейнетақы төлемдеріне 5,26 трлн. теңге бөлінбек. Бұл сома 2024 жылмен салыстырғанда 626 млрд. теңгеге көп. Ынтымақты зейнетақы мөлшері 3,49 трлн. теңгеге дейін өседі. Базалық зейнетақы төлемдері де артпақшы. 2025 жылы осы мақсатқа 1,67 трлн. теңге қарастырылған. Бұл қаражат 2,52 млн-нан астам адамға жұмсалады. Базалық зейнетақы төлемдері Қазақстандағы өмір сүру деңгейіне сәйкес белгіленіп, зейнеткерлердің ең төменгі қажеттіліктерін қамтымақ.
Тағы бір өзгеріс, 2025 жылдан бастап жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарнасына төлейтін қаражаты 2,5%-ға ұлғаяды. Зейнет жасындағы қызметкерлер, 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар адамдар, әскери қызметкерлер және 1975 жылдың 1 қаңтарына дейін туған азаматтарға бұл төлем түрі жұмыс беруші тарапынан төленбейді.
Жалпы, Президент тапсырмасы бойынша Әлеуметтік кодекс шеңберінде 2027 жылға дейін ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына жеткізу көзделген. Осылайша базалық зейнетақының мөлшерін кезең-кезеңімен өсіру жалғастырылады.
Құрылыс саласының ардагері Баян Дәулетова: — Талай жыл құрылыс саласының дамуына өз үлесімді қостым. Еңбекке ес білгеннен араластық. Қатарластарымнан қалмай, қазір бейнетімнің зейнетін көріп отырғаныма қуаныштымын. Өзіме тиесілі зейнетақымның мөлшері көңілімді көншітеді. Тұрмыстық қажеттілігіме де, тіпті алыстағы оқуынан ауылға демалысқа келетін немерелерімді де қуантып, қолына ұстатуға да жетеді. Ең бастысы, уақытылы алып отырамын. Өзім – «Алтын алқа» иегерімін. Бұл үшін де қосымша жәрдемақы аламын. Жаңа жылдан бастап зейнетақы, жәрдемақымыздың көлемі тағы да ұлғаятыны жаныма жылылық сыйлады. Бұл да мемлекеттің халыққа қолдауының бір көрінісі,-деп жаңа жылда аспанымыздың ашық, бақ-берекеміздің мол болуын тіледі.
Кімдер зейнетке ерте шыға алады?
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ерлер үшін зейнетке шығу жасы – 63 болса, әйелдер үшін – 61 жас. 2023 жылдан 2028 жылға дейін әйелдердің «зейнеткерлік» жасы өзгермейді және 61 жасты құрайды. Бірақ кейбір қазақстандықтар ертерек зейнеткер атана алады.
Қазіргі уақытта әйелдер 61 жасында зейнетке шығады. Бұл ретте, зейнеткерлік жастың ұлғаюы ерте зейнеткерлікке шығу бойынша жәрдемақы алуға құқығы бар әйелдерге әсер еткен жоқ: 5 және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер – 53 жаста зейнетке шығуға құқылы. Семей ядролық сынақ полигонының төтенше және радиация қаупі ең жоғары аймақтарында 1949 жылғы 29 тамыздан 1963 жылғы 5 шілде аралығындағы кезеңде кемінде 5 жыл тұрған әйелдер 45 жаста, ерлер 50 жаста, еңбек жағдайы зиянды жерде жұмыс істейтіндер 55 жаста зейнетке шыға алады.
Бес жылдан кейін әйелдердің зейнеткерлік жасы жарты жылға көтеріліп, 2031 жылы 63 жасқа жетеді деп жоспарланып отыр. Сөйтіп ерлер мен әйелдердің зейнетке шығу жасы бірдей болады. Яғни ерлер елімізде 63 жасында зейнетке шығады.
Жәрдемақы мөлшері арта ма?
«2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңы жобасына сәйкес, мүгедектігі және асыраушысынан айырылуы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының, мүгедек баланы тәрбиелеушіге және күтушіге берілетін жәрдемақының мөлшері ең төменгі күнкөріс минимумының өзгеруіне байланысты өседі. Айта кетейік, бұған дейін 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 7 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар үшін 69 886 теңге беріліп келді. Мысалы, енді олар 69 886 теңгенің орнына 74 428,59 теңге алады.
Сонымен қатар 7 жасқа дейінгі мүгедектігі бар бала тәрбиелейтін ата-ана жалпы көлемі 139 772 теңге алады. Ал 7-18 жас аралығындағы 1-топтағы мүгедектігі бар баланы тәрбиелейтін ата-ана 165 382 теңге алады.
Сондай-ақ, Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен адамдарға және жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына тағайындалған, бірақ төленбеген біржолғы ақшалай өтемақы мөлшері көбейеді.
Әлеуметтік төлемдерге бөлінетін қаражат 2025 жылы 2,02 триллион теңгені құрамақ. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 9%-ға көп. Мүгедектігі бар және ерекше санаттағы адамдарға төленетін жәрдемақылар (оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері, асыраушысынан айырылғандар) да 2025 жылы 925 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылады. Жәрдемақы алушылардың жалпы саны 1,16 миллион адамды құрап отыр.
Әр салада даму болады
«Қоғамның басты байлығы – адам десек, халықтың саулығын сақтау саласына басты назар аудару – мемлекеттің алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Алдағы жылы бұл салаға бөлінетін қаржы 133 млрд. теңгені құрап отыр. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қаржыландыруға 1,72 триллион теңге бөлінбекші. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға 2025 жылы 701 млрд. теңге қарастырылған. Денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамыту мақсатында өңірімізде 180 орындық онкологиялық диспансер, 250 орындық психикалық денсаулық сақтау орталығы, сондай-ақ, Құрманғазы аудандық ауруханасы жанынан МРТ қондырғысына жапсармай құрылысын салу үшін жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып жатыр.
2025 жылы ғылым және жоғары білім саласына бөлінетін қаржы да едәуір артпақшы. Ғылымды дамыту үшін алдағы жылы 260 млрд. теңге бөлінеді. Жоғары оқу орындарында білім беру сапасын арттыру мақсатында гранттар саны ұлғайтылып, студенттердің шәкіртақылары көбейтіледі. Сонымен қатар оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайту жоспарланып отыр. Бүгінде облысымызда 9 мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып жатыр.
2025 жылы спорт және туризм саласына 141 млрд. теңге қарастырылған: қаражат жоғары спорт пен бұқаралық спортты қолдауға және ұлттық спорт түрлері мен спорттағы дарынды жастарды дамытуға арналады. Осы жылы қаламыздағы Химпоселок және Бірлік ықшамаудандарында және Қызылқоға ауданы Жасқайрат және Тасшағыл ауылдарындағы спорт кешені салынып, құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, Мақат кентінде дене шынықтыру кешені пайдалануға берілді. Бұдан бөлек 18 спорт нысанын салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Түйін: Әлеуметтік төлемдерді өсіріп, бағаны тұрақтандыруды уәде еткен атқамінерлер орташа күнкөріс деңгейі келер жылы 46 мыңға жететінін алға тартып отыр. Алайда таяқтың екі ұшы бар екені белгілі. 46 мың теңгемен өмір сүру деңгейін есептеп шығарғандардың осы ақшаға бір жылы сырт киім сатып алатынына күмәнмен қарайсың. Дәл қазіргі жағдайда жазатайым жағдайға ұшырай қалсаң, ол ақша азық-түлік емес, дәрі-дәрмек сатып алуға да жетпейді. Зейнеткерлердің зейнетақысының, студенттердің шәкіртақысы, мүгедектердің жәрдемақысының өсуі көп көңілге қуаныш ұялата қояр ма екен?! Өйткені сүйінші хабардың соңынан келетін жанармай, коммуналдық төлем, азық-түлік бағасының қымбаттауы көтерілген көңілді су сепкендей басатыны белгілі.
Бағаның аспандамаған дүниесі аз. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, былтырмен салыстырғанда ет бағасы 3,4% өскен. Жалпы азық-түлік бағасы 5,4% қымбаттаған. Тарқатып айтсақ, нан өнімдері мен жармалар 4% жуықтаса, сүт пен жұмыртқа 4% жоғары. Ал жемістер мен көкөністердің бағасы 8,4%-ға ұлғайған. Үкiмет пен құзырлы мекемелер баға саясатын тұрақтандырамыз десе де, оны ауыздықтай алмай әлекке түседi. Қалай десек те, көлемі артатын зейнетақы мен жәрдемақы артық етпейді. Халықтың әлеуметтік әлеуеті артып, Жаңа жылымызда ынтымағымыз бекіп, ырыс-несібеміз арта бергей тек!
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА
Базалық зейнетақы төлемінің өсуі (6,5%)
Ең төменгі мөлшер – 32 360 теңге (айлық минимумның 70%-ы );
Ең жоғары мөлшер – 50 851 теңге (айлық минимумның 110%-ы).
Зейнетақының жалпы мөлшері:
Ең төменгі зейнетақы – 95 131 теңге;
Ең жоғары зейнетақы – 213 046 теңге.
2025 ЖЫЛҒА ҚАРАСТЫ ЖАҢА КӨРСЕТКІШТЕР
Ең төменгі жалақы 85 000 теңге
Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3 932 теңге
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 32 360 теңге
Зейнетақының ең төменгі мөлшері 62 771 теңге
Базалық әлеуметтік төлемдер (БӘЖ) мөлшерін есептеу үшін күнкөріс минимумы 46 228 теңге