Төтеншеліктердің төзімі темірдей
Бірде құтқарушы, бірде фельдшер, бірде өрт сөндіруші, бірде ұшқыш та бола алатын мамандық иелерінің бір күні екінші күніне ұқсамайды. Бұл мамандықтың басты міндеті – суда да, құрлықта да халықтың бейбіт өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу. Биыл жаңадан департаментке қарасты мекемелерге техникалар алынып, аудандарда жаңа бөлімдер ашылды. Сондай-ақ автопарктерді жаңартуды жалғастырудамыз.
Биыл Республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен 85 арнайы және авариялық-құтқару және жедел құтқару жасағына «Марлин 830 AWA» қайығы берілді. Ол оқиға орнына шұғыл жетуге мүмкіндік береді.
Қызылқоға ауданының Миялы ауылында №10 өрт сөндіру бөлімінің салтанатты ашылуы өтті. Жергілікті бюджет есебінен салынған нысан тиімді жұмыс істеуі үшін қажетті барлық заттармен жабдықталған. Бес бірлік заманауи өрт сөндіру және құтқару техникасы, ангар, байланыс пункті, сондай-ақ демалуға арналған бөлмелер бар. Бөлімде 58 қызметкер жұмыс істейді. Олар жаңа формамен қамтамасыз етілген.
Жоспарланған жаңа өрт сөндіру деполарына тоқталар болсақ, шалғай елді мекендерді төтенше жағдайдан қорғау үшін Құрманғазы ауданы Бөкейхан ауылында, Сүйіндік ауылында, Мақат ауданы Доссор кенті Қызылқоға ауданы Тасшағыл ауылында ангар пішінді 4 бірлік өрт сөндіру депосының құрылысы жүріп жатыр.
Сонымен қатар, биыл Атырау облысы ТЖД Жедел құтқару жасағының судан құтқару бөлімінде жаңа ғимараттың құрылысы басталды. Бүгінде ескі ғимарат бұзыла бастады. Жедел-құтқару жасағының судан құтқару қызметі су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерінің сақталуын, суға батқан адамдарды іздестіру-құтқару жұмыстарын атқарады. Жаңа кешен 0,1578 гектар аумақта салынады. Атырау облысының бюджетінен қаржыландырылған жобаға 710 млн. теңге бөлінді. Ғимарат кезекшілікке түсетін құтқарушыларға арнап жатақханамен қамтылады деп жоспарлануда.
Күн сайын қиын да қауіпті жағдайда түрлі сипаттағы қатерлерге қарсы тұрып, батыл әрі адал қызмет көрсету – біздің міндетіміз. Өзіңіз айтқандай, құтқарушы өрт сөндіріп қана қоймайды, саусақтары ісініп кетіп, сақинасын шеше алмаған әйел адамға, батарея мен қуыста қыстырылып қалған ойын баласына да көмекке келеді. Сонымен қатар, олар далада жоғалып кеткен, қарлы боранда қалып қойған адамдарды іздестіреді. Су тасқыны мен өрт кезінде адамдар мен мүліктерді тасымалдау жұмысын атқарады. Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары адамға ғана көмек көрсетіп қоймай, суда іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізіп, су құбырында қалып қойған ит пен мысықты, батпаққа батып, шыға алмай қалған жануарларды да алып шығады. Дегенмен, біздің сала мамандарының алдына қойған басты міндеті – халықтың тыныш өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу.
Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылымдық бөлімшелеріне аумақтық төтенше жағдайлар департаменттері, Жедел құтқару жасағы, «Апаттар медицинасы орталығы» облыстық филиалдары, Өрт сөндіру қызметі, «Қазселденқорғау» ММ, Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдері, «Қазавиақұтқару» ММ облыстық филиалдары жатады.
Жоғарыда аталған құрылымдық бөлімшелер әртүрлі салаларға жауап береді. Алайда, бәрінің міндеті бір, ол – адамдарды құтқару, зардап шеккендерге қолұшын созу болып табылады.
«Теңіз жасағына» тоқталар болсақ, өрт пен су – «тілсіз жау». Құтқарушылар жаз мезгілінде су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында ауқымды профилактикалық жұмыстарды жүргізеді. Өйткені, өзен-су жағасында ата-анасының қарауынсыз жүрген балалар көп кездеседі. Құтқарушылардың жасаған ескертулеріне қарамастан, заңбұзушылықтар да көп кездеседі.
Нұрлан ЖАҢАБАЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы