Жарнама
Жыл қорытындысы

Су көздерінің ластануы қатаң бақылауда

Атырау облысында су ресурстарының ластануын бақылау мақсатында құзырлы мекеме тарапынан бірқатар тексеру жұмыстары жүргізілді. Биыл 11 айда жалпы 9 су нысаны тексеріліп, 60 сынама алынып, 1115 талдау жасалған. Нәтижесінде, 16 жағдайда су көздерінің ластануы анықталып, «ТрансОйлТерминал» ЖШС-нің аумағында жер асты суларының ластанғаны үшін 36 920 теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл туралы Атырау облысы бойынша экология департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Экология департаменті мен табиғи ресурстар басқармасы облыстағы кәріздік суды тазарту қондырғыларының жұмысын тексеріп, бірқатар экологиялық заңбұзушылықты анықтады. Мысалы, «Аққыстау су арнасы» ЖШС 2018-2022 жылдар аралығында шекті рұқсат етілген төгінді нормативтерін бірнеше рет бұзған. Ластаушы заттардың, оның ішінде мұнай өнімдері, химиялық оттек тұтыну, биологиялық оттек тұтыну және фосфаттардың көрсеткіштері рұқсат етілген мөлшерден жоғары болған.

«Атырау облысы Су арнасы» КМК мен Мақат ауданының кәріздік тазарту қондырғыларында да нормативтерден асып кеткен жағдайлар тіркелді. Сонымен қатар, кейбір заттарға сынамалар мүлдем жүргізілмегені белгілі болды.

«Индер су арнасы» ЖШС-де 2019-2023 жылдар аралығында да шекті рұқсат етілген төгінділердің нормативтері бұзылған. Бұл жағдайларға химиялық және биологиялық оттек тұтыну көрсеткіштері, хлоридтер, азот аммоний және басқа да ластаушы заттардың шектен тыс болуы жатады.

Аталған экологиялық мәселелерді шешу үшін облыс әкімдігіне су тазарту қондырғылары операторларының қызметін реттеу және заңбұзушылықтарды жою бойынша ұсыныстар жолданды. Экология кодексіне сәйкес, шекті рұқсат етілген нормативтерге сай келмейтін сарқынды суларды табиғи су көздеріне төгуге қатаң тыйым салынған.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Сурет: ult.kz

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button