Саладағы ілкімді істер
Биыл қоғамдық-саяси өмірімізде, әлеуметтік-экономикалық саламызда іргелі өзгерістер мен табыстарға толы жыл болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді дамыту мен өркендету жолында жыл бойы атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.
Соның ішінде ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейін жылына 8-10 пайызға дейін жеткізу үшін 120 млрд теңге бөлінген. Техниканы 5 пайыздық мөлшерлемемен лизингке беру бағдарламасы басталды.
Биыл алғаш рет өткен Қазақстанның ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізгі міндеттері айқындалды. Онда көптеген іс-шарамен қатар, қазақ жылқысының тұқымын сақтау және көбейту үшін арнайы заң қабылданғаны айтылып, енді бұл бағытта тағы бір маңызды қадам ретінде Үкіметке Жылқы шаруашылығы институтын құру жөнінде тапсырма
берілген еді.
Қуанатын жайт, өңірімізде шаруа қожалықтар саны жыл сайын артып келеді. Әсіресе Нарын құмының бойындағы иесіз қалған жерлерде шаруа қожалықтары ашылып, жеке қожалық иелері өңірдің әл-ауқатын жақсарту бағытында жоғары деңгейде қызметтер атқарып жүр. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, 2023 жылы мал өсіруші 1920 шаруа қожалық тіркелсе, биылғы жылы 1946-ға артқан.
Мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыру бағытында өңірде асыл тұқымды мал өсіруші 109 асыл тұқымды ірі шаруашылықтар (Ірі қара мал — 70, ұсақ мал — 27, жылқы – 8, түйе — 4,) тіркелген және барлық асыл тұқымды ірі қара мал 8 112 бас, ұсақ мал 35 164 бас, жылқы 1274 бас, түйе 945 басқа жеткен.
Былтырғы жылмен салыстырғанда асыл тұқымды ірі қара мал өсіруші саны 8 шаруашылыққа көбейген. Сонымен қатар, селекциялық — асыл тұқымдық жұмыстарға қатысушы ірі қара мал аналықтарының саны 26 736 бас, барлық аналық мал бастарына шаққандағы үлесі 24%-ды құрайды.
Өнімділік бағыты бойынша мал тұқымдарының ішінде әсіресе өңірде етті бағыттағы ірі қара мал, қой шаруашылығында еділбай тұқымы, жылқы шаруашылығында қазақтың жабы тұқымы және түйе шаруашылығында қазақы бактриан тұқымдары өсіріледі.
Жалпы, ауыл шаруашылығы саласын жан-жақты қолдау үлкен маңызға ие. Атакәсіпке мойын бұрушылардың саны көбейгені көңілге жылылық ұялатады. Мемлекет тарапынан қарастырылған қолжетімді бағдарламалардың жұмысы алдағы уақытта да жалғасын табуын тілейміз.
Жеңіс Әбілқайыров,
“Асыл тұқымды Еділбай қойын өсіретін Бірлестік” шаруа қожалығының басшысы,
Ауыл шаруашылығы саласының үздігі,
Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы