Параспортшылардың жетістіктері – баршаға үлгі
Мүмкіндігі шектеулі жандардың спорт саласындағы табыстары тек облыс емес, бүкіл ел үшін абырой. Атырау облысында бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар – шынайы қолдаудың, дұрыс бағытта жасалған жүйелі еңбектің жемісі.
Мен, спорт саласының ардагері ретінде, облыстың 16 спортшысының Паралимпиада ойындарына қатысып, лайықты нәтижелер көрсеткенін зор қуанышпен атап өткім келеді. Әсіресе, парадзюдошыларымыз З.Райфова мен Ж.Шүкірбековтің қола медальдары және параволейболшылардың ұлттық құрама сапындағы жетістіктері көпке үлгі болары сөзсіз.
Бұл жеңістер спортшылардың өзіне деген сенімін арттырып қана қоймай, олардың өмірге деген құлшынысын да еселей түседі. Әрбір медаль, әрбір табыс – тек жеке тұлғаның ғана емес, бүкіл елдің жеңісі.
Атырау облысында мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа тарту бойынша үлкен істер атқарылып жатыр. «Мүгедектер спорттық клубы», «Спешиал Олимпикс» және параволейбол бойынша кәсіпқой спорт клубының жұмыстары ерекше атап өтуге тұрарлық. Бұл ұйымдардың еңбегі мен қамқорлығы көптеген азаматтардың өмірін жақсы жаққа өзгертуде.
Меніңше, мұндай табыстардың басты себебі – әр спортшының қайсарлығы мен ерік-жігері, жаттықтырушылардың адал еңбегі және мемлекеттік қолдау. Сонымен бірге, мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа тартуда кәсіпкерлер мен қоғамдық бірлестіктердің үлесі де зор.
Атыраулық спортшыларымыздың ел тарихында алғаш рет паратеннистен, пара жеңіл атлетикадан және параволейболдан жолдама ұтып алуы – өңіріміздегі спорттың жоғары деңгейін дәлелдейді. Бұл жолда олардың еңбегін бағалап, лайықты марапаттаудың маңызы зор. Құрмет ордендері, «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спортшы» атақтары – бұл азаматтарға көрсетілген шынайы құрметтің белгісі.
Мен барлық спортшыны және олардың жаттықтырушыларын шын жүректен құттықтаймын! Ең бастысы – олардың табысы алдағы буынға да мотивация болып, спорт арқылы өмірге деген жаңа көзқарас сыйлайтынына сенімдімін.
Талап МҰҚАНОВ,
Құрметті спорт ардагері