Өңірге қандастар көшіп келуде
Атырау облысына биыл 1 қарашаға дейін шетелдерден 198 отбасы немесе 239 этникалық қазақ қоныс аударды. Республикаға тұрақты тұру мақсатында келген олар ресми түрде “қандас” мәртебесін алды.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Альфия Төлеғариеваның айтуынша, елге қоныс аударғандардың басым бөлігі – 156 отбасы Өзбекстаннан келген. Бұдан басқа Ресей Федерациясынан – 22, Қытай Халық Республикасынан – 10, Түркіменстаннан – 7, Украинадан – 1 және Тәжікстан мен Түркия Республикаларынан осынша жанұя көшіп келген.
–Елге оралған отандастардың бейімделуі мен жұмыспен қамтылуына ерекше көңіл бөлініп отыр. Бүгінде 14 қандас жергілікті мансап орталықтарында жұмыссыз ретінде тіркелген. Бір адам әлеуметтік жұмыс орнына орналасса, біреуі ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды. Сондай-ақ тағы бір адам «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқып, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізді, — дейді Альфия Байғанинқызы.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Коллажды жасаған: Дәурен ҚУАНЫШ