
Атырауда жас сарбаздар алғаш рет жауынгерлік қарудан оқ атты
Атырау қаласындағы ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5546 әскери бөлімінде көктемгі шақырылыммен келген жас сарбаздар алғашқы атыс даярлығынан сәтті өтті.
Бастапқы әскери дайындық курсы аясында сарбаздар АК-74 автоматынан 100 метр қашықтықта нысанаға оқ атты. Атыс алдында қауіпсіздік техникасы мен қару қолдану ережелері бойынша нұсқаулықтар беріліп, теориялық білімдері бекітілді.
Әскери бөлім басшылығының айтуынша, жас жауынгерлер жоғары тәртіп пен ынта танытып, жақсы нәтиже көрсеткен. Кей сарбаздар нысана дәлдігінен жоғары ұпай жинап, жауынгерлік дайындық деңгейін дәлелдеді.
— Атыс дайындығы — сарбаздар үшін ерекше маңызды кезең. Бұл олардың жауынгерлік рухы мен жауапкершілігін арттырады, — деді әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары майор Құнанбаев.
Алғаш рет ұрыс қаруынан оқ атқан сарбаздардың бірі, мерзімді әскери қызметші Абай Бисенов өз әсерімен бөлісті:
— Алғашқы ату сәті мен үшін ұмытылмас оқиға болды. Бұл тек жаттығу ғана емес, Отан алдындағы жауапкершілікті терең сезінуге мүмкіндік берді. Нысананы дәл көздеп, жоғары ұпай жинағаныма қуаныштымын. Ұлттық ұлан сапында қызмет ету — мен үшін үлкен мақтаныш, — деді жас жауынгер Абай Бисенов.

Айта кетейік, алдағы күндері жас сарбаздар үшін салтанатты Әскери ант қабылдау рәсімі өтпек. Бұл — олардың Ұлттық ұлан сапында Отан қорғауға ресми түрде кіріскенін білдіретін маңызды тарихи сәт болмақ.
ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі