«Кез келген төтенше жағдайға дайын болуымыз керек»: сала ардагері Төтенше жағдайлар министрлігі туралы айтты

0 15 Саясат

  «Біздің табиғи және техногендік апаттар дәуіріне аяқ басқанымызды ескере отырып, төтенше жағдайлар министрлігін қайта құру қажет».

Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында алға қойылған басты тапсырмалардың бірі.

Бүгінгі заман табиғи және техногендік апаттарға толы. Ал, Төтенше жағдайлар министрлігін қайта құру – дер кезінде қабылданған оңды шешім. Президенттің осы тапсырмасы негізінде жуырда өткен Үкімет отырысында аталмыш министрлікті қайта құруға қатысты тиісті комиссия жұмысын бастады. Мемлекет басшысының Жарлығымен аталған министрлік қайта құрылуда.

2004-2014 жылдар аралығында республикада мұндай ведомство болған. Оған әр кезеңде бірқатар әкімшілік реформалар да жасалды. Соның негізінде әр облыста төтенше жағдайлар департаменттері, облыс әкімдері жанындағы төтенше жағдайларға қатысты арнайы комиссиялар құрылды.

Сөйтіп, табиғи және техногендік апаттарды алдын алу және жою жөнінде бірқатар жұмыс жүргізілді. Алайда, 2014 жылы «Азаматтық қорғаныс туралы» заңға өзгерістер енуіне байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі Ішкі істер министрлігінің құрамына комитет ретінде біріктірілді. Қазір де жергілікті деңгейдегі құзырлы органдар жұмыс жасап жатыр.

Десек те, аталған салада шешімін таппай жатқан мәселелердің әлі де бары рас. Мысалы, Атырау өңірінде «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватында жыл сайын орын алатын өртті ауыздықтаудың үлкен мәселе екенін білеміз. Сала мамандарының айтуынша, бұл жер батпақты болған соң өрт сөндіру техникалары өрт болған телімге бара алмайды. Төтенше жағдай қызметкерлері оны тек әуеден барлап, өрт ауқымын, сол маңдағы тұрғындарға қаншалықты қауіптілігін бақылауда ұстап отыр.

Мұндай мәселелерге жергілікті құзырлы органның күші толық жетпей жатқаны рас. Ал, оның шешімі мемлекеттік деңгейде, қала берді халықаралық байланыстар негізінде жүзеге асса құба-құп. Бұрын салада халықаралық қатынастар бағытында шетелдермен бірқатар жұмыстар жоғары деңгейде қолға алынды. Қазір де осы жұмыстарды қайта жандандырған жөн. Сондықтан, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қайта жасақталатын жаңа органды, ескінің жаңғыруы десе әбден болады.

 Атырау, Маңғыстау облыстары – мұнайлы аймақ. Өңірлерде жер астынан мұнай алынып жатқаннан кейін, бұл жерлерде сейсмикалық қауіптіліктің болатыны белгілі. Бұл ретте біз азаматтарды осындай зілзалалардан қорғап, олардың қауіпсіздігін сақтау маңызды. Төтенше жағдайлар орын ала қалған жағдайда тұрғындарды құтқару – ең басты мәселе.

Қандай ма бір табиғи апаттар – су тасқыны, зілзала, өрт, басқа да оқыс оқиғалар орын алса, құрылым жан-жақты дайындықпен, сақадай сай тұруы қажет.  Барлық қажетті техникамен толықтай қамтылып, байланыс та жоғары деңгейде ұйымдастырылуы тиіс. Ол үшін саланы қаржыландыру жұмыстары да қажетті деңгейде жүргізілуі қажет.

Бұрын күн райы бұзылса, шалғай ауылдарға жету әбігер болатын. Қажетті техникалардың жоқтығы, арнайы мамандардың тапшылығы секілді проблемалардың болғаны рас. Аталған мәселелер атқарылған жұмыстардың нәтижесінде шешімін тауып келеді. Барлық жедел қызметтер біріктірілген «112» бірыңғай диспетчерлік орталық іске қосылды. Олар – өртке қарсы қызмет (101), полиция (102), жедел медициналық көмек (103), авариялық газ қызметі (104) және төтенше қызмет (112).

Осылайша, қазіргі уақытта бір қоңырау арқылы қажетті қызметтердің барлығы қамтамасыз етілді. Жедел әрекет етудің осы желісінде бір уақытта барлық қызметтердің ресурстарын қолдану және тарату, ведомстволық жедел қызметтерді атқару жұмыс тиімділігін арттырды. «112» пультіне келіп түскен хабарламаларға барлық сала бірлесіп, шұғыл түрде әрекет етеді. Бұл уақыт үнемдеуге мүмкіндік беруде.

Десек те, осы секілді жұмыстың қарқынын одан әрі арттыру үшін министрлікті қайта құрудың маңызы зор. Министрлік қайта жасақталған соң, салада маман даярлау ісіне айрықша назар аударылса деймін. Бұрын зейнет жасына жетпей, саладан қол үзіп кеткен өз ісінің майталмандарын қайтадан осы қызметке шақырған жөн. Сала облыстық және республикалық бюджеттен қаржыландырыла беруі тиіс. Ал, бөлінетін қаражаттың санаусыз, бақылаусыз жұмсалмауы да баса назарда болуы маңызды.

Серік ХАЙРУШЕВ,

төтенше жағдай қызметінің отставкадағы полковнигі, сала ардагері

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз