АУЫЛ ӘКІМДЕРІНІҢ САЙЛАУЫ: Мақсат пен мүдде

ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ АРТТЫРУДЫҢ
 МАҢЫЗДЫ ТЕТІГІ

Саясат сахнасындағы соңғы жаңалық – ауыл әкімдерінің сайлауын өткізудегі басты мақсат мемлекеттік басқарудың ең оңтайлы, айқын және тиімді моделін қалыптастыру болып табылады. Яғни, ауыл әкімдерін сайлау арқылы тағайындау - қоғамды одан әрі демократияландырудағы маңызды қадам ғана емес, жергілікті жерде басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік бермек.

 

Атырау облысы бойынша село, ауыл, кенттерді тұтастай алғанда барлығы 72 әкім сайланады деп күтілуде. Өңіріміз бойынша өтетін сайлау мерзімі тамыз айының алтысына тағайындалды. Бүгінде сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілді. Аудандық аумақтық сайлау комиссиялары дауыс беру уақыты мен сайлау өтетін орын туралы нақты мәліметті өздері айқындап, ақпарат құралдарында жариялайтын болады.
Осы жерде айта кеткен жөн, әкім болудан үміткер азаматтарға қойылатын талаптарға міндетті түрде жоғары білімі бар және жасы 25-ке жеткен адам болуы тиіс деген шарт енгізіліп отыр. Сондай-ақ, үміткердің тиісті облыстың аумағында тұратын Қазақстан азаматы болуы да міндетті.
Тағы бір жаңалық – кандидаттарды ауданның, қаланың әкімі жергілікті қоғамдастықпен кеңескеннен кейін балама негізде ұсына алады. Әкім лауазымына кемінде екі кандидат ұсынылуы тиіс. Оларды ұсыну сайлау күніне 30 күн қалғанда басталады және 25 күн қалғанда аяқталады.
Кандидаттар төмендегідей құжаттарды тапсырған уақытта ғана тіркеуге алынады: Аудан, қала әкімінің тиісті округ әкімі лауазымына кандидатты ұсыну туралы ұсынымы негізгі құжат болып табылады. Екіншіден, үміткер әкімдікке кандидат ретінде дауысқа түсуге келісетіндігі туралы өтінішін де тапсыруы тиіс. Бұдан басқа, кандидаттың өмірбаяндық деректері және жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, үміткердің және оның жұбайының (зайыбының) табысы мен мүлкі туралы декларация тапсырғаны туралы салық органының анықтамасы керек.
Аталған құжаттар аумақтық сайлау комиссиясына тапсырылғаннан кейін, комиссия өз отырысында кандидаттың ел Конституциясындағы және Сайлау өткізу ережесінде қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтап, кандидатты тіркеу туралы тиісті хаттама жасақтайды. Кандидаттар тіркелгеннен кейін жеті күннен кешіктірілмей жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы оның тіркеуге алынғандығы туралы хабарланып, тиісті куәліктер беріледі. Кандидаттарды тіркеу – дауыс беру күніне 15 күн қалғанда, яғни, 21 шілде күні аяқталады.
Ел бойынша тамыздың 5-і мен 9-ы аралығында өтетін сайлау нәтижесінде барлығы 2457 әкім сайланады деп күтілуде. Бастысы сол, сайлау атқарушы билік органдарының халық алдындағы жауапкершілігін арттырудың маңызды тетігіне айналғалы отыр.

Тамара АМАН-ТУРЛИНА,
Атырау облыстық аумақтық
сайлау комиссиясы
төрағасының орынбасары.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз