АЛТЫН КҮЗ АЙШЫҚТАРЫ

Облыстық жас натуралистер стансасы жыл сайын дәстүрлі түрде «Алтын күз» мерекесін ұйымдастырып келеді. Онда мектеп оқушылары күздің соңғы айында пісіп-жетілген өсімдіктер мен гүлдердің тұқымдарынан әртүрлі композициялар, панно, гербарий, альбом, коллаж және басқа да шығармашылық жұмыс түрлерін көрме жұмысында көрсете алады. Жыл сайын бұл мереке әр мектепте өзіндік ерекшеліктермен өткізіліп жүр. 

Осы мақсаттағы шара биыл қаладағы Ы.Алтынсарин атындағы №11 орта мектеп базасында «Күз – береке, күз – мереке» деп аталған сайыс түрінде өтіп, оған қаладағы мектептердің белсенді, өнерлі оқушылары қатысып, шығармашылықтарын ортаға салды. Шара талаптары «Таныстыру», «Күз кереметтері» тақырыбындағы көрме, «Біздің бақ» шығармашылық сайыс, «Күз белгілері» аталымымен өлең оқу немесе ән айту, «Күзгі сән шеруі» костюмдер конкурсы, «Күзгі дастархан» көкөністерді пайдалана отырып, салат әзірлеу секілді кезеңдерден тұрды. Әр үйірме мүшелері өнерлері бір-бірінен асып түсті.
Сайыс соңында А.Құнанбаев атындағы орта мектебіндегі «Гүл шаруашылығы» үйірмесінің оқушылары «Күз белгілері», «Күзгі дастархан» бөлімдері бойынша ІІІ орындарды иеленді. Ал, Ю.Гагарин атындағы №4 орта мектебіндегі «Гүл шаруашылығы» үйірмесінің оқушылары «Күз кереметтері», «Күз белгілері» бөлімдері бойынша ІІ орынды иеленсе, «Күзгі дастархан» бөлімінде І орынға ие болды. Сонымен қатар, Жас натуралистер стансасындағы «Табиғат және фантазия», «Орнитология», «Дәрілік өсімдіктер» үйірмелері І, ІІ, ІІІ орындарға ие болды. Бұл шара арқылы жүзге тарта оқушы шығармашылық жұмыстарын көпшілікке таныта алды.

Нұргүл НАСЫР.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз