
Зияткерлік квест тарихқа арналды
Облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен және «Жеті жарғы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жастарға арналған «Saraishyq Quest» зияткерлік сайысы өтті.

14 пен 35 жас аралығындағы жастардың қатысуымен әрқайсысы 5 адамдан құралған 10 команда тарихи білім, логикалық ойлау, шапшаңдық және топтық жұмыс бойынша бақ сынасты.
Квест ойыны «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы аумағында өтіп, қатысушылар Алтын Орда мен Сарайшық тарихына қатысты сұрақтарға жауап беру арқылы арнайы тапсырмаларды орындады. Сайыстың басты мақсаты – жастардың тарихи танымын арттырып, патриоттық рух қалыптастыру және зияткерлік қабілеттерін дамыту. Сонымен қатар ойын тарихи мұраға деген қызығушылықты оятып, командалық жұмысқа бейімдеуге бағытталды.

Сайыс қорытындысы бойынша «Фирдаус» командасы үздік нәтижемен І орынды иеленіп, 150 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақымен марапатталды, ІІ орынға лайық деп танылған «BasTime» командасына 100 мың теңге, ал ІІІ орын алған «Өзіміз ғой» командасына 50 мың теңге табысталды. Сонымен қатар барлық командаға Алғыс хаттар берілді.
Мұндай іс-шаралар жастардың тарихқа қызығушылығын арттырып қана қоймай, рухани құндылықтарды дәріптеуге және ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуге зор ықпал етеді.
Тоғжан ЕРМЕК