Жүргінші неге жазым болды?
Жыл басынан бері Атырау қаласында 30-дан астам жүргінші жол-көлік апатына түсті. Оның нәтижесінде үш адам қаза тапты, 28-і түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
Көлденең жағдайлардың себеп-салдарын анықтағанда 10 оқиға жүргіншінің кінәсінен орын алғандығы белгілі болды. Олар көшедегі белгіленген жерден өтпеген. Осы себепті, бүгінде полицейлер жұртшылықтың жол жүру ережелерін сақтауына назар аударуда. Күнделікті өмірде жиі байқалатындай, тұрғындардың бірқатары арнайы жүргінші жолынан өтуге көңіл бөле бермейді. Тіпті, бала жетектегендердің өзіне де, балдырғандарына да қауіп келтіргенін ұқпайтындары түсініксіз. Кез келген тұстан, көліктер арасынан көшелерді қиып өтетіндердің ақыры қайғылы жағдайларға ұшырап жататындығы сондықтан.
Облыстық ішкі істер департаменті өкілдерінің айтуынша, биыл жолдың белгіленбеген тұсынан өткендігі үшін 1600 жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Арнайы белгі тұсында оларға жол бермеген 1800 көлік иесі де жазасыз қалмапты. Тәртіп сақшылары «жүргіншілердің жол жүру ережесін сақтап жүруі, көшеден арнайы белгінің тұсынан өтуі өте маңызды» деп отыр. Бұл адамдардың оқыс оқиғаларға ұрынбауына себепші. Ендеше, тұрғындар жолда жүргенде өте сақ болғандығы қажет.
Бек АЙДАРӘЛИ.