Жарнама
Жаңалықтар

Жылыойдағы шұғыл шаралар

Жылыой ауданы аумағындағы тасқын суға байланысты қазіргі ахуал қалай? Жедел штабтың 5 сәуір сағат 17.00-де ұсынған мәліметтеріне сүйенсек, 4 сәуірде Жем өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты аудан орталығы – Құлсары қаласын су басу қаупі байқалған.
Қазір тасқын су ағысының қаттылығынан қаладағы 500-дей тұрғын үй мен инфрақұрылым ғимаратын су басып кетті. Сондай-ақ Құлсары қаласының әкімдігі, сауда нүктелері мен әлеуметтік нысандар, орталық стадион су астында қалған.
Ауданда кешеден бері қалыптасқан ахуалға орай төтенше жағдай жарияланып, жұртшылыққа хабарланды және эвакуациялық жұмыстарды жедел жүргізу жөнінде дабыл қағылды.
–Аудандағы 86939 тұрғынның 7400-і қарттар, 2465-і мүмкіндігі шектеулі жандар, 37069 бала және 1004 жүкті әйел бар. Дәл қазір тұрғындарды қауіпсіз аумаққа көшіру жалғасуда, 2400-ден астам адам эвакуацияланды. Ауданда жедел жаға бекіту жұмыстары қолға алынып, 45452 дана қапшық салынған, 174000 тонна инертті материал төселді.

Жаға бекіту жұмыстарына жергілікті атқарушы органдардан 110 техника, 162 адам, ТЖД жүйесінен 1 техника, 21 салалық қызметкер, ІІМ-нен 31 техника, 90 қызметкер, 41433 әскери бөлімінен 50 адам және 4540 ерікті азамат жұмылдырылған, — делінген жедел штабтың хабарламасында.
Сондай-ақ тасқын судың Каспий теңізіне қарай тезірек ағып кетуі үшін Жем өзенінің аңғары бұзылды. Тағы екі жерден жырып жіберу жұмыстары ұйымдастырылуда.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов кешеден бері Жылыой ауданына барып, аудан бойынша және Құлсары қаласында қалыптасқан төтенше ахуалға байланысты жедел бағалап-бақылау және тасқын зардаптарын жою бағытындағы жұмыстарды үйлестіруде. Қазір ауданда шұғыл шаралар қабылдау үшін ахуалды бағалау жұмыстары жүріп жатыр.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button