Жарнама
Жаңалықтар

Жылыойда рәміз рухы асқақтады

Қасиетті мекен – кең Жылыойда ұлттық сана мен рухани тұғырды дәріптеген тағылымы терең басқосу — «Мемлекеттік рәміздер – ұлт мақтанышы» атты қала және ауданаралық форум көрікті «Самал» демалыс орнында мазмұнды түрде өтті.

ad1f7598 8560 49e6 b3d6 a4cb5f580abc

Форумның мақсаты – Отанға деген сүйіспеншілікті, елдік сананы және мемлекеттік рәміздерге деген құрметті жастар жүрегіне сіңіру.

Аталмыш іс-шара барысында мемлекеттік рәміздердің мәні мен маңызын тереңнен қозғаған баяндамалар оқылып, елге қызмет етудің мәртебесі мен жастардың патриоттық рухы кеңінен насихатталды.

Отанға деген махаббат пен елдік сананы арқау еткен бұл мазмұнды шараға әртүрлі саланың үздіктері, қоғам белсенділері, шығармашыл жастар мен мемлекеттік қызмет өкілдері қатысты.

8935e357 7a32 41ef 9d43 c78cee737f3d

Іс-шараның шымылдығы мемлекеттік Тудың салтанатты түрде сахна төріне шығарылуымен ашылып, Қазақстан Республикасының Әнұраны Бекет Аманқос пен Жылыой халықтық ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен орындалып, тыңдарманға рух пен елдік мақтаныш сыйлады.

Сондай-ақ форумда бірқатар спикер өз саласына сай патриоттық ұстанымдарын ортаға салды. Жылыой аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкер Бекет Құлбаев «Елге қызмет – ерге міндет!» тақырыбында жастарды әлеуметтік белсенді болуға шақырса, жайдарманшы Ернар Сақұпов әзіл мен тіл мәдениеті арқылы жастармен байланыс құру жолдарын ұсынды.

59f7929c 8744 48ed 9543 5471765bb484

Аталмыш форумда Қазақстан Республикасы Мəдениет және ақпарат министрлігінің Геральдикалық жұмыс басқармасының басшысы Гүлдана Аргенова сөз сөйлеп, мемлекеттік рәміздердің тарихи, рухани және құқықтық маңызына тоқталды.

8976024b 1cb2 437c 8e64 2528e8f5ffce

-Елтаңба – біздің терең тамырымыздан бастау алатын рухани нышан. Онда Орхон-Енисей жазуларынан бастап, Көк түрік дәуірінің мұралары, көшпелі халықтың дүниетанымы мен бірлікке үндейтін белгілер көрініс тапқан.
Қазақ халқы мемлекеттік Әнұран орындалғанда жүрек тұсына қолын қойып, зор мақтанышпен орындайды. Өйткені онда тек әуен мен сөз ғана емес, ел үшін төгілген тер мен қанның ізі, ата-баба үні мен ұрпақтың үміті жатыр. Сонымен қатар Ту мен Елтаңба барлық мемлекеттік мекемелерде, білім беру ұйымдарында тұрақты түрде орналастырылып, Әнұран ресми іс-шараларда орындалғанда, орнынан тұрып, құрметпен тыңдау – әр азаматтың борышы,– деді Гүлдана Мəлікқызы.

Форумда заманауи бағытта ой қозғаған «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпазы, жас ақын және «Бала хай» ютуб жобасынын авторы Нұрлыбек Амандықов интернет дәуірінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу мәселесіне тоқталды.

Форум соңында белсенді жастар мен өнерпаздарға Алғыс хаттар мен марапаттар табысталды. Жиын «Жылыой жастары» атты әсерлі патриоттық әнмен қорытындыланды.

Тоғжан ЕРМЕК

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button