Жылыойда дәстүрлі садақ атудан ашық турнир өтті
Жылыойда спорт күніне орай «JYLYOI SADAQ CUP» дәстүрлі садақ атудан аудандық ашық турнир ұйымдастырылды.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жарыс 16 жастан асқан ерлер және әйелдер арасында қалқан және жамбы нысанасы бойынша қолға алынды. Жарысқа Орал, Жаңаөзен, Атырау қалаларынан және Қызылқоға, Жылыой аудандарынан 50-ге жуық садақшы қатысты.
Сайыстың ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Н.Сарманов аудан спортшыларын спорт күнімен құттықтап, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарыс қорытындысында жамбы нысанасы бойынша ерлер арасында Жәнібек Саламатұлы – І, Асылжан Бағытжанов – II, Асылжан Ұлықпанов III орынға ие болса, әйелдер арасында Қымбат Жұмабаева – І, Әдемі Еркінғали – II, Алина Сәрсенбаева III орынмен марапатталды.
Ал қалқан нысанасы бойынша ерлер арасында Әли Сесигюзел – I, Асылжан Бағытжанов – II, Жәнібек Саламатұлы – III, әйелдер арасында Айжан Орынғалиева – І, Қымбат Жұмабаева – II орын, Назерке Ерікқызы III орынды иеленді.
Өз тілшіміз