
Жылыой ауданында 46 білім беру ұйымы жаңа оқу жылына дайын

Жылыойда 46 білім беру ұйымы 2025-2026 оқу жылына дайын. Атап айтқанда, ауданда жалпы орта білім беретін 20 мектеп, 24 балабақша, мектептен тыс 4 мекеме және №2 педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті жұмыс істейді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
– Жаңа оқу жылында 825 сыныпта 18 816 оқушы білім алады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар шағын орталықта 200 бала, 58 мектепалды даярлық сыныбында 1265 бала тәрбиеленеді. 2025-2026 оқу жылында Жылыой ауданы бойынша 20 281 бала білім алады. Сонымен қатар 1763 бала 1-сыныпқа қабылданды, – деді аудандық Білім бөлімінің басшысының м.а. Гүлжансара Таңатарова.
Ауданда ерекше білім беруді қажет ететін 300-дей бала бар. Оларға қолдау көрсету мақсатында 7 мектепте арнайы инклюзивті білім беру кабинеттері жұмыс істейді. Одан бөлек биыл «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының демеушілігімен №7, №8, №16, №18 және №21 орта мектептері КПИ кабинеттерімен жабдықталады.

Жылыойда 21 балабақша жұмыс істейді. Бүгінде оларға кезекке 2156 бала тіркелген. Осы мәселені шешу мақсатында биыл жаңадан екі жекеменшік балабақша ашылып, мемлекеттік тапсырыспен қосымша 140 орын ұсынылады. Осылайша, аудандағы жекеменшік балабақша саны 5-ке жетеді.
Сондай-ақ Қара-Арна ауылдық округіндегі апатты жағдайда тұрған 160 орындық «Балдаурен» бөбекжайының орнына 280 орындық жаңа балабақша құрылысы басталды. Бұл жоба «Теңізшевройл» ЖШС демеушілігімен іске асуда. Құрылысты «Орлан» ЖШС жүргізіп жатыр. Жаңа нысан 2026 жылдың сәуірінде пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Құлсарыдағы №19 мектеп «Реновация» жобасы аясында күрделі жөндеуден өтіп, толық жаңғыртылды. Ал №5 Абай атындағы орта мектеп «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен ауыл мектептерінің әлеуетін арттыру жобасы бойынша заманауи құрал-жабдықтармен толықтай қамтылмақ.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Құлсары қаласының Атырау шағынауданында 1200 орындық жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оқу ордасы 2025 жылы пайдалануға беріледі. Сондай-ақ №20 орта мектептің ауласында 180 орындық қосымша ғимараттың құрылысы басталды. Жоба 2026 жылдың наурызында аяқталады деп күтілуде.