
Жылыой аудандық білім бөліміне — жаңа басшы
Бүгін Жылыой ауданы білім бөлімінің басшысы лауазымына Алмабек Абдолов тағайындалды. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Атырау облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов жаңа басшыны ұжымға ресми түрде таныстырып, оның жаңа қызметіне сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде білім саласы – ел дамуының басты тірегі екенін атап өтіп, өңірдегі білім сапасын арттыру бағытында бірлескен жүйелі жұмыс жалғасатынын жеткізді.
Алмабек Дүсенбайұлы — Атырау облысы, Қызылқоға ауданында 1975 жылы дүниеге келген. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетін «Биология және география пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолы 1997 жылы Атырау қаласындағы ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназияда биология және география пәнінің мұғалімі қызметінен басталған.
Әр жылдары Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің оқытушысы, №30 мектеп-гимназияда география пәнінің мұғалімі, Ю.Гагарин атындағы №4 орта мектептің директоры, М.Әуезов атындағы №7 орта мектептің директоры, Атырау қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары, Мақат аудандық білім беру бөлімінің басшысының міндетін атқарушы қызметтерін атқарды. 2020 жылдан бері Атырау қаласындағы жекеменшік мектептерде басшылық лауазымдарда болды.
Алмабек Дүсенбайұлы – білім беру саласында 25 жылдан астам тәжірибесі бар кәсіби маман. Ол түрлі деңгейдегі білім беру мекемелерінде мұғалімнен бастап басшылық лауазымдарға дейін еңбек етіп, саланың дамуына үлес қосып келеді.
Ендігі уақытта да жаңа басшының алдында аудандағы білім сапасын арттыру, педагог мәртебесін көтеру, мектеп инфрақұрылымын жақсарту және цифрландыру сияқты маңызды міндеттер тұр.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА