Жылудың құны қанша?
Жасыратыны жоқ, қазір қызмет түрлерінің құны қымбаттай бастады. Оның бәрі қалың бұқараның тұрмысына әсер ететіні сөзсіз. Дейтұрғанмен, нарық қатынастары жағдайында мемлекеттің дамуы үшін баға саясатында өзгерістердің болуы заңдылық. Осы тұрғыдан алғанда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы қызметтер құнының халықтың әлеуметтік жағдайына да, тиісті мемлекеттік органдар жұмысына да әсер ететіні анық.
Жуырда Kazinform ақпарт агенттігі отандастарымыздың көп қабатты үйлерде жылуға төлейтін ақысының көптеген факторларға тәуелді екенін дәлелдеді. Шынында да қазір елдегі жылу энергиясын беру, бөлу және жеткізу қызметтерінің сараланған (дифференциалды) тарифтері туралы халық жалпы хабардар болғанымен, оны талдап түсіндіріп бере алмайды. Өйткені көпшілігі жылу беру мекемесінен келген тиісті түбіртектегі ақыны төлейді де, бағаның қалай белгіленетінінен бейхабар.
Мысалы, ғаламтордағы іздеу жүйесіне «Жылу құны қанша?» деп жазсаңыз, қаладағы тиісті коммуналдық мекеменің веб-сайтын тауып беретіні анық. Тіпті оның ішіндегі «Тарифтер» деген бөлімді де соқырға таяқ ұстатқандай шығарып береді. Онда орташа сату тарифі, арнайы жылу есептегіш құралдар орнатылған және орнатылмаған үйлердегі қызмет құны жеке-жеке, апатты үйлер мен ғимараттар, бюджеттік және бюджеттік емес мекемелер үшін дербес тармақтар да дербес көрсетілген. Шаршы метрі кең үйлердің жылуға төлейтін бағасын да бөлек шығарып көрсететіні рас. Ал, олардың бағасын жіліктеп шағып есептей алатын тұтынушы кемде-кем.
Қолданыстағы талап бойынша жылу бағасын есептегенде үш айнымалы мән мұқият ескерілетінін қаперге алған жөн. Олар – жылу тұтыну нормасы, жылу тарифі және пәтердің ауданы. Ал норматив дегеніміз – тұрғын үйдің 1 шаршы метрін жылытуға жылытуға жеткілікті жылу энергиясының мөлшері. Оны жергілікті билік органдары арқылы бекітіледі.
Тарифті белгілейтін жылумен жабдықтаушы мекеме үй ауданын есептегенде, жылытылатын барлық үй-жайды толық ескеруі шарт. Бұл сандарды өзара көбейткен кезде әр пәтердің жылуға төлейтін ақысы шығады.
Нақты мысал келтірейік. Егер Атырау қаласы бойынша норматив айына әр шаршыметрге 0,03 гигакалория (Гкал) деп алсақ, әр Гкал үшін жылудың тарифі – 5000 теңге. Егер сіздің пәтеріңіздің ауданы 50 шаршы метр болса, онда сіз ай сайын жылуға 7500 теңге төлеуіңіз керек.
Ал, қай кезде де норматив жергілікті жағдайға, қызмет пен ресурс құнына, үй мен жылу беру жабдығының сапасына қарай белгіленеді. Ескеретін жайт, оңтүстікке қарағанда солтүстік өңірлерде жылудың шығыны молдау. Сосын елді мекеннің аумағы да басты мәселе, Алматы мен Атырау қалаларының арасындағы айырмашылық сияқты. Келесі фактор – құрастырмалы үйлерге қарағанда, қабырғасы кірпіштен қаланған үйдің жылу ұстау қабілеті де жоғары. Ал, заманға лайық қондырғылар үй ді тез жылытып, оны ұзақ уақыт бірқалыпты сақтай алатынын да ұмытпаған жөн.
Бұл көрсеткішке түзету коэффициенті де әсер етеді: қыс жылы немесе суық болған жағдайда жергілікті билік тиімді тәсілге көшуі де ғажап емес. Тұрғындарды да тоңдырмай, коммуналдық кәсіпорындардың да шығынға батпауы үшін сараптай отырып, бағаны арзандатуы немесе жоғарылатуы мүмкін.
Сол себепті еліміздің әр облысындағы жылу бағасын салыстыру үшін дербес жылу есептегіші жоқ көп қабатты үйлердің тұрғындары үшін орташа есеппен 1 гигакалорияны қолданамыз. Өйткені Қазақстандағы пәтерлердің көпшілігінде жылу бағасы осы санат бойынша есепеліп отыр.
Демек жылудың ең қымбат тарифі Алматы қаласында екен, 1 Гкал – 10 615 теңге. Неге екені белгісіз, Астанада баға әлдеқайда арзан – 4727 теңге. Еліміздің ең үлкен ірі орталығындағы бұл айырмашылық бұрыннан да айтылып жүр.
Тағы бір қымбат қаланың бірі – Қызылжар. Дегенмен мұндағы себеп түсінікті, қарашадан сәуірге дейін қардың көбесі сөгілмейтін терістікте коммуналшылардың шығыны шаш-етектен. Үйлердің де, коммуникация желісінің де дені тозығы жеткен. Бұл қаланың тұрғындары биыл 1 қаңтардан бастап 1 Гкал үшін 7891 теңге төлеуге мәжбүр.
Қазақстанның батыс өңірлерінде де жылудың құны қымбат. Мысалы, Ақтөбеде жылудың тарифі былтырғыдан 18 пайызға өскен. Мамандар қызмет бағасының 6833 теңге болып белгіленуін жабдықтаушы кәсіпорын шығындарының және «көгілдір отынның» көтерме саудадағы бағасының өсуімен байланыстырып отыр. Ақтауда қазір баға – 4285 теңге. Көңілге медеу болары Маңғыстау облысында биыл тариф бағасы әлі қаралмаған, тек 4 ақпанда ғана қоғамдық тыңдау өтуі тиіс. ал, Атырау қаласында жылу тарифінің 6215 теңгеге жетуіне соңғы бес жылда тарифті жыл сайын 100 теңге шамасында өсіріп отыруы себепші.
Қостанай қаласында жылудың құны әбден шарықтау шегіне жетіпті, 1 Гкал үшін – 6140 теңге. Былтыр бұдан 326 теңгеге арзан болса, соңғы төрт жылда Қостанайдағы жылудың бағасы 1634 теңгеге қымбаттапты.
Жылу бағасы қалыпты қалалар тізіміне Шымкент (5953 теңге), Қарағанды (5614 теңге), Көкшетау (5507 теңге) және Тараз (5493 теңге) кіреді. 5000 теңгеден төмен баға Оралда (4886 теңге), Павлодарда (4851 теңге). Бір ғажабы, климаты қатал болса да Өскеменде де жылу бағасы 4764 теңге ғана. Семей қаласының тұрғындары жылудың 1 Гкалына 4473 теңге төлейді.
Тұрғындарды ең арзан жылумен қамтитын елдің оңтүстік бөлігі екен. Мысалы, Талдықорғанда – 3912 теңге болса, Жезқазғанда – 3663 теңге, Қызылордада – 3590 теңге, Қонаевта – 3532 теңге, Түркістанда – 3207 теңге.
Әрине, мамандардың бұл сараптауынан жылу бағасының мін-маңызын аңғаруға болады. Бұл жерде өңірлердің даму мүмкіндіктері де көрініп тұр. Қызылжар мен Қостанай қалаларындағы жылу өндірудің қымбаттығын қоспағанда, тарифтің негізгі қымбатшылығы – елдің басты инвестициялық өңірлерінде. Бұл да халықтың әл-ауқатына әсер ететіні сөзсіз.
Назарбек ҚОСШИЕВ
Сурет: obk.kz