ЖЫЛДЫҢ ЖАҢА ҚҰРЫЛЫМЫ: МАҚСАТ – ОРТАҚ, МІНДЕТ – АЙҚЫН
Осылайша, еліміздің мемлекеттік бюджетінің кірістерін толықтыруда, әкімшілендіру және еліміздің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, экономикалық қылмыстармен күресуде мақсаты ортақ, міндеті айқын мемлекеттік орган құрылды.
Мемлекеттік органдарды біріктірудің негізгі мақсаты және оның тиімділігін айтсақ, біріншіден, салық төлеушілерге қызмет көрсетудің сапасын арттыру, екіншіден, салық түсімдерінің ұлғаюы, үшіншіден, шығыстардың азаюына қол жеткізу және өндірістің өсуі болып табылады.
Өткен жылдағы соңғы мәлімет бойынша, мемлекеттік бюджетке 1635237 мың теңге қаржы артық түсті, ал, өткен жылмен салыстырғанда түсім 140101212 мың теңгеге артық түсіп отыр. Жергілікті бюджетке 4479901 мың теңге, ал өткен жылмен салыстырғанда 7512113 мың теңге артық түсіп отыр.
Елбасының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауы жаһандық дағдарыс кезеңінде Қазақстанның орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған стратегиясы мемлекеттік кірістер органдарына жаңа талаптар және міндеттер жүктеп отыр. Қазақстанның көлік-логистикалық, индустриалдық, энергетика инфрақұрылымдарын дамытуға, сондай-ақ тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық құрылымдарын жаңартуға бағытталған саясат шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді, сонымен қатар, кең көлемді қаржыны талап етеді.
Бұл бағытта, Мемлекеттік кірістер органдары, бұдан былай кәсіпкерлерден тек салықтар мен кеден төлемдерін алып қана қоймай, салықты жеңіл әрі қолайлы жолмен төлеу тәсілдерін қолданып, сәтті әрі табысты бизнес-орта құруға себепші болмақ. Бүгінде салық және кеден қызметтерін функциялық талдау, біріккен көзқарасты талап ететін көптеген үдірістер бар екені анықталып отыр. Салық төлеушілер мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға тәуелсіз талдаулар жүргізіп, соның нәтижесімен аудит жүргізу қажет.
Бірінші кезекте, салықтар мен кеден төлемдерін ерікті түрде төлеу деңгейін арттыруды көздеуіміз керек. Мемлекеттік кіріс органдарының бизнес саласымен ынтымақтықта жұмыс істеуі – қажеттілік және заман легіне ілесу. Сөйтіп, түйінді мәселелердің шешімін көрсете отырып, бизнестің одан кейінгі қызметіне бағыт беруге тиіспіз. Бұл игі шаралар, шешімдердің дер кезінде қабылданып, тиімділігін бағалауға мүмкіндік жасайды. Осы жоспарларды ұтымды түрде жүргізу үшін сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға да бағытталған іс — шаралардың іске асуы қажет. Мұның бәрі Елбасы алға қойған міндеттерді жүзеге асыруда маңызды жұмыс болып табылады.
Мәди ТАКИЕВ,
Атырау облысы бойынша
Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы.