Жарнама
ЖаңалықтарМәдениет

Жыр жауған күн Жайықтың жағасына…

Атырауда ақын Бауыржан Халиолланың поэзия кеші өтті

%d0%b5%d0%b0%d1%81-358

Газетіміздің  өткен санында Атырау облыстық Махамбет атындағы қазақ драма театрында облыстық  мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен ақын Бауыржан Халиолланың «Мөлтек әлем мөлдірі» атты шығармашылық кешінің өткенін жазған болатынбыз. Мәртебелі өлеңді ұлықтауға арналған салтанат аймақ  басшысы Нұрлан Ноғаевтың кіріспе сөзімен ашылды. Ол қоғамдық үдерістерді дамытуда, жастарды рухани байытуда ақын-жазушылардың  орны мен рөлін  айта отырып, ақын Бауыржан Ергенұлының   қазақ әдебиетіндегі өзіндік қолтаңбасы бар екенін ақжарма көңілімен ақтарды.

Өзінің әдебиет әлеміне деген алғашқы сапарын айтыстан бастаған ақынның қолдаушысы да, бапкері де бола білген қазақ айтысының ақтаңгері – Қатимолла Бердіғалиев. Балаң жігіттен үлкен жеңіс күткен ұстаз үміті ақталды да. Оны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиевтің өз сөзімен жеткізер болсақ: «…Соңымнан Бауыржан Халиолла сынды жастар келеді. Олар менен жай аяңдауды емес, тездетіп алға жүруді, немесе  жолдан шығуды талап етері сөзсіз. Сондықтан, жастарға жолымды беріп, оларды өнер сапарына аттандыратын бапкер болуды қаладым», — деген екен көңілі толған бір сәтінде. Иә, Бауыржан Халиолла өзінің жай ғана талапкер емес, алысты мұрат тұтар арғымақ екенін шабысымен дәлелдеп келеді.

Бүгінде поэзияда өнімді еңбек етіп, өзін сүйіп оқитын оқырмандарына «Жұмбақ қыздың жанары», «Нәзік бұлт көшіп барады», «Жұлдыз жауған жарық түн» атты жыр жинақтарын сыйлаған ол  алты алаштың ардақтысына айналып отыр. «Халықтың ұғымында Отан, туған жер деген ұғым – біреу ғана. Егер адамда екінші Отан, туған жер болатын болса, оны мен «Атырау» деп сеніммен айтар едім. Өткен жылы да араларыңызға келіп, жыр кешін өткіздім. Биыл өздеріңізбен жүздескім келетінін мұңымды шағып отырған сәттерде өңір басшысы Нұрлан Ноғаевқа жеткізіп едім, міне, ол арманым да орындалды. Сіздердің орталарыңызға келіп, жырдан шашу шашқаным үшін өнер жоқшысы, жанашыры Нұрлан Асқарұлына шын көңілмен алғысымды айтқым келеді», — деді ол осы кеште тебірене, толқи тұрып.

%d0%b5%d0%b0%d1%81-431

Қазіргі қоғам түйткілдері, күйбең тірлік күңкілдері ақынды толғандырады, кейбіреулердің тоғышар тірлігі  ызасын келтіреді. Сондықтан да шығар, «Ыза» деген өлеңінде «Бәстесуге қолыңды бер, Уақыт!» — деп, жүйрік жылдардың өзімен серттеседі. «Өтіп жатыр жүрегімді кеміріп,

Бір күнімнен айнымайтын бір түнім», — деген ақын Бауыржан бір-біріне ұқсас сүреңсіз күндердің жетегінде кетіп бара жатқанына өкінеді.

«Ақын болып төсекке

құлаймын да,

Оянамын қайтадан пенде болып», —  деген өлең жолдары шабыт құшағындағы сезімтал жүректің алабұртқан кезін кестелей отырып жазған ақын  жанының  бұлқынысы дер едік.

Бір кезде Мұқағали ақын:

«Ойлы жас, өлең менің

сырласымдай,

Сырлассам да құштарым жүр

басылмай.

Айтып өткен ақында

арман бар ма,

Жүрегінің түбіне кір жасырмай?!» — деген екен. Бауыржан сол үдеден шыққан сыңайлы. «Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым,

Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның»,- деп отызға толмаған жасында отты өлеңнің дауылын тұрғызған қайран Төлеген жырласа, Бауыржан да: «Сол баяғы дүние

бәз қалпында,

Жаңалық жоқ,

бәрі де өзгермеген»,- дей отырып жүрегіне ақындықтың ауыр жүгін артады. «Ішім жылап, тұрса да сыртым күліп»,- дейді ол тағдырдың пешенесіне бұйыртқан сөз өнері  туралы.

%d0%b5%d0%b0%d1%81-539

Иә, ақынның  кейбір  сәттерде қаламынан мұң  ғана  шағатыны рас. Өткені, пенденің қолынан жасалған әділетсіздіктер аяғынан шалып жатса, өлең жазғаннан басқа қолынан не келеді, шынында?! Тайыр Жароков, Жұбан Молдағалиев, Қадыр Мырза Әлі, Ақұштап Бақтыгереева сияқты классиктер шыққан құнарлы топырақтан өнген дәннің де дарынды болмасқа хақысы жоқ. Қазақтың талантты ұлдарының бірі Есенғұл Жақыпбаевты ұстаз тұтып, соңына ағалап ерген ол жазушылар Тынымбай Нұрмағамбетов, Нұрғали Ораз, Төлен Әбдік, Әкім Тарази мен Роза Мұқанованың шығармаларын сүйіп оқиды. Жыр әлеміне тұсауы кесілер тұста ағалардың алақанының жылуын да сезініпті.  Мәселен, Есенғали Раушанов тұңғыш өлеңдерін оқып, «Жалын» журналына топтамасын бергізген көрінеді. Осының бәрі де сайып келгенде жас талантқа қолдау екенін айтып кеткеніміз ләзім.

«Оянуым керек қой бақытты боп» — дейді ол бір өлеңінде таусылып. Бәлкім, әжесінің тәрбиесінде болып, қазақтың қара өлеңі мен әже әлдиіне бөленіп өскен ұл мынау дүниенің сынақтарында қиналды ма, талды ма, кім білген?! Әуелі әжесі, одан кейін әкесі мен анасы, ағасы бірінен кейін бірі бақиға сапар шеккенде еріксіз ерте есейген ол «Қабағымды бір мезет мұң басқанда» — деп күрсіне жырлайды. «Қағаз-қалам мұңайып шам түбінде» — деп көңіл-күйін нақыштайды.

Өмірдің өзіндей шындықты  арқау еткен Бауыржан Ергенұлы бүгінде өлеңге ән жазу үстінде. Бірнеше әндері көрермен көзайымына айналып та үлгерді. Жүрсін Ерманның сөзіне жазылған «Тұсаукесер», өлеңін де, әнін де өзі жазған «Жүрек сөзі», «Қатимоллаға арнау» әндері – соның айғағы.

Ендеше, өнер өлкесіндегі сапары сәтті болғай деп тілейік!

Гүлзада Ниетқалиева

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button