Ұжымның үздіктері
Өткен жыл несімен есте қалды? Жаңа жылдан не күтеміз? Алда қандай міндеттер тұр?
«Атырау-Ақпарат» ЖШС ұжымының жыл қорытындысына арналған жиынында директордың міндетін атқарушы Нұрлан Қабылов ұжым атқарған жұмыстарға, қол жеткізген табыстар мен есте қаларлық елеулі оқиғаларға тоқталды. Екі облыстық және жеті аудандық газеттердің басылу сапасы, көркем безендірілуі жақсарды. Әсіресе, былтыр 95 жылдығын атап өткен «Атырау» газетінің беттерінде мазмұнды мақалалар, терең талданған сараптамалық, журналистік зерделеу материалдары, ой саларлық оқырман хаттары жиі жарық көріп келеді. Редакция ұжымы мен бірқатар журналистер облыстық, республикалық шығармашылық байқаулардың байрақтарына, марапаттарына ие болды. Нұрлан Достанұлы әріптестерін алдағы тұрған жауапты міндеттерді саралап, әріптестерін Жаңа жылмен құттықтады.
Жыл қорытындысы бойынша «Үздік тілші-2018» номинациясымен аудандық «Мақат тынысы» газетінің 2-санатты тілшісі Алмагүл Таумұрынова, «Үздік бет құрушы» номинациясымен «Жайық шұғыласы» газетінің бет құрушысы Рафаэль Салауатов, «Үздік жауапты хатшы» номинациясымен «Нарын таңы» газетінің бас редактордың орынбасары – жауапты хатшысы Аяпберген Салихов, «Үздік бөлім меңгерушісі» номинациясымен «Атырау» газеті мәдениет, білім, денсаулық бөлімінің меңгерушісі Гүлзада Ниетқалиева, «Үздік сыншы-журналист» номинациясымен «Кең Жылой» газетінің жоғары санатты тілшісі Ербол Қошақанов, «Үздік көшірмеші-монтаждаушы» номинациясымен өндіріс-қауіпсіздік және шаруашылық бөлімінің көшірмеші-монтаждаушысы Галина Чапурина, «Үздік хатшы-референт» номинациясымен облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің хатшы-референті Айсұлу Құлниязова марапатталды.
Сондай-ақ, «Дендер» газетінің жарнама менеджері Айкенже Биғайырова «Үздік жарнама менеджері», баспахананың өндіріс-қауіпсіздік және шаруашылық бөлімінің механигі Темірболат Дүйсенов «Үздік қызметкер», «Серпер» газетінің корректор – іс жүргізушісі Гүлхат Сәрсекеева «Үздік сайт жүргізуші», баспашы Сағынжан Ғизатуллин «Үздік жыл баспашысы» атанды.
Қызылқоға аудандық «Қызылқоға» газеті «Үздік қоғамдық пікір тудырушы газет» атануға лайықты деп танылды.
Бақытжан ХАМИТҰЛЫ.