ЖЫЛЫОЙДА ЖАҢА КОМАНДА ҚҰРЫЛАДЫ
Федерацияның тете-президенті Эдуард Хисметуллиннің берген есебінен соң, жиынға қатысушылар бірауыздан облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанды облыстық футбол федерациясының президенті етіп сайлады.
Өзіне артылған сенімге алғысын білдірген Шыңғыс Жұмабекұлы жергілікті футбол сүйер қауыммен бірігіп, сапалы және жемісті қызмет атқаруға болатынын нық сеніммен жеткізді.
— Басты айтар жаңалық, келесі маусымнан бастап ҚР чемпионатының бірінші лигасы құрамында Жылыой ауданының командасы бақ сынасатын болады, — деді Шыңғыс Жұмабекұлы. — Бұл команданы «Құлсары» немесе «Жылыой» деп атауды жөн көріп отырмыз. Бұл мәселе жөнінде Жылыой ауданының әкімімен келіссөздер жүргізілді, ендігі кезекте ұйымдастыру жұмыстары жүруде. Құлсары — өңіріміздегі екінші қала. Бұл бастама жергілікті ойыншылардың өсуіне оң ықпалын тигізеді, «Атырау» футбол командасының құрамында өнер көрсетуге талпынған жастар арасында мықты бәсеке орнайды деген ойдамын.
Сонымен қатар, Шыңғыс Жұмабекұлы облыстық әкімдік әйелдер арасындағы ел чемпионатына қатысу үшін команда жасақтауға ниет білдіргендерге де қолдау білдіретінін жеткізді. Бұған қоса, облыс орталығы маңында бірнеше ойын алаңымен, шағын қонақүймен және жергілікті деңгейдегі жарыстар мен дайындық-жаттығу жиындарын өткізуге мүмкіндік беретін спорт залымен жабдықталған спорттық футбол кешенінің құрылысын жүргізу туралы әңгіме өрбіді.
Конференцияға қатысқан атыраулық футбол ардагері Роман Ли дайындық-жаттығу жиындарын өткізу үшін Атыраудың балансына енген Железноводск қаласындағы «Қазақстан геологі» пансионатын қолдануға ұсыныс білдіріп, мұнда кәсіби, әуесқой және балалар футбол командаларының дайындық-жаттығу жиындарын өткізуге тамаша мүмкіндіктер жасақтауға болатынын айтты.
НАМЫСТЫ ЖАНИТЫН КЕЗ КЕЛДІ
Өткен сенбіде жергілікті «Атырау» футбол командасы ел біріншілігінің 19-шы турында өз алаңында талдықорғандық «Жетісу» командасын қабылдап, тең түсті.
Миодраг Радулович жаттықтыратын «Атырау» екі ойын қатарынан қарсыластың қақпасынан саңылау таба алмай келген еді. Ал, осы жолы ойынның 75-ші минутында есепті ашты. Командаға жазғы ауысым кезінде қосылған жас ойыншы Алексей Щеткин «Атыраудың» құрамындағы алғашқы жетістігіне қол жеткізді. Ал, бірер минуттан соң қарсы шабуылға беттеген талдықорғандық ойыншылар Д.Эргашевтің айып добын тамаша орындауынан кейін есепті теңестірді – 1:1.
Кездесудің екі кезеңінде де ойын тең жүрді. Кей сәттерде алаң иелері басымдықты өз қолдарына алғанымен, қарсыластың қақпасын тағы да бағындыруға «жетісулық» қақпашы Андрей Пасеченко мүмкіндік бермеді.
«Жетісу» футбол командасының бас бапкері Омари Тетрадзе ойынның тең аяқталуын әділ нәтиже деп санаса, ал, «атыраулық» команданың бас бапкері Миодраг Радулович ойын қорытындысына көңілі толмайтынын айтты.
Бұл кездесу қатардағы қарапайым матчтардың бірі болды. Маусымның аяқталуына үш-ақ ойын қалды. Қазіргі көрсеткіш бойынша «Атырау» футбол командасы 18 ұпаймен турнирлік кестенің 10-шы орнында тұр. Ендігі кезекте жерлестеріміз елордалық «Астанамен» қарсыластар алаңында кездессе, қалған екі ойын «үйде» өтеді. Бар күш-жігерді жинақтап, намысқа берілетін кез келді.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.