Жылыой ауданының 90 жылдық мерейтойы тойланды
Мерекелік шарада ұлттық спорт түрлері дəріптеліп, еліміздің әр аймағынан келген шабандоздар аламан бəйгеге қатысты.
Ғасырға жуық тарихы бар Жылыой ауданының 90 жылдық мерекесін аудан тұрғындары ерекше атап өтті. Шараның ашылу салтанатында жергілікті өнерпаздар және «Sarmad» этно-фольклорлық ансамблі, Атырау облыстық филармониясының оркестрі өнер көрсетті, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
«Бүгінгі киелі мекен Кең Жылыойдың 90 жылдық мерекесімен барлық жылыойлықтарды, қонақтарды шын жүректен құттықтаймын. Қойнауы қара алтынға тұнған, жайлауы малға толған құтты мекенде кешегі пір Бекет пен ауызымен құс тістеген Тінекейұлы Құлсары шешен өмірге келген. Талай қилы кезеңді басынан өткізген бұл аудан бүгінде өз қолы ауызына жетіп, жыл сайын гүлденіп, өркендеп, даму үстінде. Ауданның облыс дамуында да алар орны ерекше», – деп құттықтады Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов.
Мерекенің алғашқы күнінде республикалық ақындар айтысы өтіп, оны Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер Жүрсін Ерман жүргізді. Айтысқа әр өңірден 14 ақын қатысып, бас жүлде Бекарыс Шойбековке бұйырды.
Мерекенің екінші күнін Бүркіт төбедегі алаңда қазақша күрес, 32 келі кір тасын көтеру және топ бәйге мен аламен бәйге жалғастырды. 9 тұлпар топ бәйгеде 21 шақырымға, аламан бәйгеде 18 сəйгүлік 31 шақырымға шауып, жеңімпаздар жаңа автокөліктерге ие болды.
Мерейтой Құлсары қаласының орталық стадионында қазақ эстрадасы жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік театрландырылған сазды бағдарламамен аяқталды. Концертке жиылған 7 мыңға жуық көрермен кеш соңында мерекелік отшашуды тамашалап, тарқасты.