Журналистерге ағылшын тілінен курс өтуде (ФОТО)
«Атырау-Ақпарат» серіктестігінің қолдауымен медиа-мектепте журналистерге арналған ағылшын курсы жүріп жатыр. Бұл жобаны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Баста UP» жергілікті бастамаларды қолдау қоры ұйымдастырған. Басты мақсат – журналистерге ағылшын тілін үйрету, кәсіптік деңгейін жоғарылату.
«Ағылшын тілі – қазіргі заманда жаһандық тіл. Бұл тілде әлемнің көптеген елдері сөйлейді. Сол себепті журналистерге арнап осы курсты қолға алдық. Бізде барлығы қырық бес сабақ. Оның отыз бесі тілді еркін меңгеруге, білім деңгейін көтеруге арналған. Қалған он сабақ мамандыққа қатысты өткізіледі. Яғни, сұхбат алу, мақала жазу, жақсы идеяларды ойлап табудың қыр -сырын үйретеді»,-дейді ұйымдастырушы Абай Амиров.
Сабақ он бесінші қарашадан бастау алды. Курста қырық бес журналист оқып жатыр. Оның ішінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіндегі журналистика мамандығының студенттері де бар. «Біз мұнда тіл меңгеріп жатырмыз. Сабақ басталғанына екі аптадан астам уақыт өтті. Жалпы, біз еркін сөйлеуді үйренудеміз. Мұғаліміміз – Айдана Бейсенғалиева. Ол өте білікті, тәжірибесі мол маман екенін көрсетті»,-дейді журналистика мамандығының 2-курс студенті Шолпан Саркөбенова.
Дәріс желтоқсан айының 30-ында бітеді. Нәтижесінде қырық бес журналистке сертификаттар табысталады. Атаулы шараның журналистерге қойған шарты – біткеннен кейін ағылшын тілінде мақала жазып тапсыру. «Жақсы нәтиже болса, келесі жылы жалғастырамыз» деген ойлары да бар.
Гүлдана Жамбозова