
Журналистер одағы үздіктерді анықтады
28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев қазақстандық журналистерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
-Қара бұлттай төнген пессимистік болжамдарға қарамастан, қазақстандық журналистика жаңа формаларға еніп, өсіп-өркендеп келеді. Жаңа жұлдызды есімдер пайда болуда. Бұл – қуантады, – деді С.Матаев өз құттықтауында.
Оның айтуынша, биылғы статистикаға сәйкес, байқауға 68 журналист қазақ тілінде 300-ден астам, ал 92 журналист орыс тілінде 460-қа жуық материал жариялаған. Бұл – жас журналистердің белсенділігінің, бәсекелестікке деген ынтасының және өз еңбектерін бағалатуға деген ұмтылысының айғағы.
Журналистер одағы төрағасы байқаудың басты мақсаты – бұқаралық ақпарат құралдарының кәсіби деңгейін арттыру, беделін көтеру, азаматтарға шынайы әрі сапалы ақпарат ұсыну және журналистердің құқықтарын кеңейту екенін атап өтті.
-Біз – қоғамның келеңсіз тұстарын ашып көрсететін бірегей “санитарлармыз”. Еститін мемлекет журналистердің үнін естуі тиіс, өйткені олар арқылы халықтың даусы естіледі, – деп атап өтті С.Матаев.
Сондай-ақ ол Қазақстанның әлемдік баспасөз еркіндігі рейтингіндегі төменгі орындарына алаңдаушылық білдіріп, бұл көрсеткіштер ел имиджіне теріс әсер ететінін және демократиялық дамуға тосқауыл болатынын айтты.
Кәсіби мереке аясында үздік журналистерге арнайы марапаттар табысталды.
«Қазақстанның Құрметті журналисі» атағы атыраулық қаламгер, тәжірибелі журналист Светлана Қайырғалиева мен жерлесіміз Кәрім Бақриденовке берілді.
Атырау облыстық Журналистер одағы филиалының бастамасымен тағайындалған Әбділдә Мұқашев атындағы сыйлыққа «Umarov-news» басылымының журналисі Талғат Омаров (Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы) лайық деп танылды.
Байқаудан тыс арнайы марапат майдангер-журналистер туралы жазған «Қару мен қалам» атты кітабы үшін белгілі қаламгер Жұмабай Доспановқа табысталды.
Сейітқазы Матаев барша қалам ұстаған қауымға шығармашылық табыс, жаңа жетістіктер мен ел мүддесіне адал қызмет ету жолында сенім мен оптимизм тіледі.
Қуат ҚОСЫМБАЕВ
Сурет: egemen.kz