Жарнама
ЖаңалықтарҚоғамҚұқық

Жүргізуші куәлігін онлайн алыңыз

Аtr.kz/19 сәуір, 2019 жыл. Атыраулықтар енді жүргізуші куәлігін онлайн тәртіпте ауыстыра алады.

Ол үшін электрондық-цифрлық қолтаңба қажет. Қызмет алушы еgov.kz порталында авторизациядан өткеннен кейін электрондық өтінішті толтырып, қол қоюы тиіс. Өтінішпен қоса фотосурет пен цифрлық қолтаңбасының скан-суретін де жолдап, сондай-ақ мемлекеттік баж салығын төлеу керек. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында «Азаматтарға арналған үкімет» Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары Тұрлан Нұржанов мәлім етті.

Қызметті онлайн тәртіпте рәсімдегеннен кейін жеке кабинеттегі «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінен  толтырылған электрондық өтінішті және осы бөлімнен мемлекеттік баж салығын төлеу туралы электрондық чекті басып шығару керек.

— Ал, дайын құжатты алып кету үшін тұрғылықты жерде орналасқан Халыққа қызмет көрсету орталығына немесе жол полициясының техникалық есептеу бөліміне баруына болады. Өзіңізбен бірге қағазға басып шығарылған өтініш пен чекті, ауыстыратын жүргізуші куәлігін, жеке басыңызды куәландыратын құжат, психиатрлық және наркологиялық диспансерден анықтама, 083-нысандағы медициналық анықтаманы апару қажет, — деген Тұрлан Амангелдіұлы құжатты екі жолмен алғанда да рәсімдеу мерзімінде өзгеріс болмайтынын, тек тұрғындар үшін үйден немесе кеңседе отырып-ақ алуға ыңғайлылық үшін жасалғанын жеткізді.

Айта кету керек, бүгінде жүргізуші куәлігінің баж салығы 1,25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерін құрап отыр.

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button