Жұмыстан босағандар жұмыссыз қалмайды

624faa1ba6c63952750483 Жаңалықтар

Биылғы 11 айда Махамбет ауданындағы халықты жұмыспен қамту орталығына келген 1633 адамның 753-і тұрақты жұмыспен қамтылды.

Ауданда жұмыссыздарды жедел жұмысқа орналастыру мақсатында жәрмеңкелер ұйымдастырылды. Ал, «2021- 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жоба шеңберінде 745 адам еңбекке араласты. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Махамбет аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Ажар Қабдолова айтып берді.

– 1-ші қарашадағы есеп бойынша, Теңіз кен орнынан 291 адам жұмыстан босады. Оның 253-і халықты жұмыспен қамту орталығына хабарласып, 116 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Оның ішінде қысқа мерзімді курста білімін жетілдіріп, қайтарымсыз грант алғандар да бар. Қазіргі таңда «Теңізшевройл» ЖШС-нен босатылған жандарды жұмыспен қамту жұмыстары жүруде, – деді бөлім басшысы.

Аудан бойынша кəсіпкерлікті дамыту бағытында мүгедектігі бар жандарға қолдау көрсетіліп отыр. Атап айтқанда, І топ мүгедегі Қайдарбек Құрмашев аз қамтылған отбасыларға арналған «Мейірім» əлеуметтік киімдер дүкенін ашқан. Сондай-ақ, «Ержүректілер» спорт клубына Есбол, Жалғансай ауылдарынан клубтың филиалын ашу үшін мəдениет үйлерінен бөлме берілді. Ал, І топ мүгедегі Бауыржан Жолдасов көлік жөндеу орталығын ашып, халыққа қызмет көрсетіп отыр.

Кəсібін нəсіп еткендердің қатарында Алмагүл Фазылова, Айна Жайсаңбаева, Жəния Шауменова да бар. Олар көрпе-көпшік жасап, киім тігуді кəсібіне айналдырған шеберлер. Осылайша, жұмыспен қамту бағдарламалары əр тұрғынға жағдай жасай отырып, оларға табысын арттыруға мүмкіндік береді.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз