!["Жұмысшы мамандықтар қаласы": Астанада республикалық фестиваль өтеді 1 zhumysshy e1739166893689](https://atr.kz/wp-content/uploads/2025/02/zhumysshy-e1739166893689-780x470.jpg)
«Жұмысшы мамандықтар қаласы»: Астанада республикалық фестиваль өтеді
Елордада 11-15 ақпан аралығында Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы аясында «Жұмысшы мамандықтары қаласы» фестивалі өтеді. 11 ақпан күні сағат 11:30-да Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова мен Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың қатысуымен фестивальдің ашылу салтанаты өтеді. Сағат 12:00-де Жұмысшы мамандықтар қаласы бойынша журналистер үшін пресс-тур өтеді.
2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалаудың маңыздылығын атап өтті. Президенттің айтуынша, бұл реформа экономиканың өсуі мен оның инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз ету тұрғысынан өте маңызды. Ол былай деді: «2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау қажет. Жұмысшы мамандықтар жылы қоғамымызда еңбекқорлық пен кәсібилік идеясын ілгерілетуге де ықпал ететін болады».
Фестиваль болашақ мамандардың, жұмыс берушілер мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өзара әрекеттесу алаңына айналады.
Жұмысшы мамандықтары қаласының қонақтарына арнайы тақырыптық көшелер салынды. Олар: тау-кен металлургия көшесі, инженер-механик және көлік қызметкерлері көшесі, ауыл және су шаруашылығы қызметкерлері көшесі, құрылысшылар көшесі, болашақ мамандықтар, құтқарушылар мен өрт сөндірушілер бұрышы және т.б.
Бірнеше күн ішінде түрлі семинарлар мен шеберлік сыныптары, мұнай және энергетика салаларындағы тақырыптар бойынша хакатон, мамандықтар шеруі, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, стартаптардың тұсаукесері, машина жасау бойынша шеберлік сыныптары, концерттер, халықаралық аккредиттелген техникалық және кәсіптік оқыту курстары және тағы басқа іс-шаралар өтеді.
Фестивальді ұйымдастырушы – Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі. Фестивалге кіру тегін.