Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Жұмекен оқуларының жеңімпазы анықталды

Atr.kz/18 қазан, 2019 жыл. Атырауда Қазақстанның Республикасы Гимінің авторларының бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақтың көрнекті ақыны Жұмекен Нәжімеденов атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауы өтті. Конкурс аясында Атырау өңіріне ат басын тіреген зиялы қауым өкілдері мен сайысқа қатысушылар облыс орталығындағы ақынның ескеркерткішне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Жұмекен поэзиясының өршілдігі туралы айтылып, қазақ әдебиетінің майталмандары өз естеліктерімен бөлісті.                 

Ал, Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында өткен жыр додасы ақынның әдеби мұрасын халық, әсіресе жастар арасында насихаттау, оның шығармшылығы арқылы жас буынды адамгершілікке, ұлттық рухқа, отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында қолға алынды.  Аймақта төртінші мәрте өткізіліп жатқан осынау шараны облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ұйымдастырды.

     Ақынның туған жерінде қолға алынған сайысқа еліміздің әрбір облысынан және Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан 18-35 жас аралығындағы барлығы 16 үміткер қатысты. Қатысушылар байқау шарты бойынша  екі кезеңде – поэзиялық және прозалық шығармадан үзінді оқудан сынға түсті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары  Айбек Крамбаев қатысып, жыр додасының мәні мен мазмұнына тоқталды.

Көркемсөз деген – киелі ұғым. Ал, оны ғасырдан ғасырға өшпестей етіп жеткізе білу асқан шеберлік пен талантты қажет етеді. Осы орайда Жұмекен Нәжімеденовтың  қазақ әдебиетіндегі рөлі қашан да биік тұрады.  Ақынның есімі де, оның терең ойлы жырлары да мәңгілік жасайтыны сөзсіз. Жазушының шығармаларын насихаттап, тәуелсіздіктің тірегінің бірі – ана тіліміздің қадірін одан әрі арттырудағы осынау конкурстың қатысушыларына сәттілік тілеймін, — деді Айбек Крамбаев.

Жыр бәйгесінде Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасының орынбасары, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Мереке Құлкенов қазылар алқасына төрағалық етті. Ал, қазылар алқасының мүшелерінің құрамында ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының  лауреаты Бауыржан Қарабеков, «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі, ақын Жұмабай Құлиев, «Ақиқат» журналының бөлім меңгерушісі Серікқали Хасан және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Атырау облыстық филиалының төрағасы, ҚР Мәдениет қайраткері Әбілхан Төлеуішов секілді қазақ әдебиетінің майталмандары болды.

Республикалық байқаудың қорытындысында бас жүлдені алматылық, №24 лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Динара Баймұхамбетова жеңіп алды. Ал, маңғыстаулық жеке кәсіпкер Әлия Бекішова бірінші орынмен марапатталды.                    

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Нұрсұлтан Бақтыбай мен Ақмола облысынан келген Еркебұлан Байқасов екінші орынға ие болды. Үшінші жүлде солтүстікқазақстандық, Л.Гумилев атындағы  Еуразия ұлттық университетінің студенті Нұрсұлтан Әлімбаевқа, Қостанай қаласындағы балалар шығармашылығы мектебінің қызметкері  Сырым Жанжігітовке және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті Ақбаян Алпысбайға бұйырды.   

Салтанатты шарада жүлдегерлер дипломдармен, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталып, оларға қаржылай сертификаттар  берілді. Сондай-ақ, еліміздің «Тіл туралы» Заңының қабылданғанына 30 жыл толуына орай  мемлекеттік тілді дамыту саласында еңбек еткен өңіріміздегі бірқатар тіл жанашырына Қазақстан Республикасының Президенті атынан Алғыс хат табыс етілді.

Олардың қатарында әріптесіміз, облыстық «Атырау» газетінің арнаулы тілішісі Меңдібай Сүмесінов, «Атырау бас жоспар» ЖШС-нің директоры Әділбек Шәкіров,  Индер ауданының Елтай ауылдық округі, Аққала ауылы мәдениет үйінің директоры Қамалиден Ізімов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасының орынбасары Серік Мұхамбетов бар.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Мереке ҚҰЛКЕНОВ,

Қазақстан Жазушылар Одағының

басқарма төрағасының орынбасары:

Жұмекеннің кез келгеннің түсінуге өресі жете бермейтін тұңғиық терең шығармалары қазақ әдебиетінің мәңгілік мұрасы болып табылады. Біз байқауда қатысушылардан сол тереңдік пен биіктікке деген құлшынысты аңғардық. Жылдан жылға конкурс қатысушыларының Жұмекен шығармашылығын өте жетік  меңгеріп келе жатқанына қуанамыз. Бұл конкурсқа 16 қатысушының барлығы да үлкен дайындықпен келген. Мұнда ақынның ең қиын шығармалары оқылды.

Қазақ поэзиясы мен прозасын Жұмекенсіз елестету – мүмкін емес. Оны ұлықтауға арналған осынау байқаудың ақынның өз туған топырағында өткізілуі де өте құптарлық. Ендігі уақытта жастардың бойындағы Жұмекен шығармашылығына деген талантты одан әрі арттыра түсу керек. Осы орайда әр жыл сайын ұйымдастырылатын осынау конкурс күні барлық мектептің жоғары сынып оқушыларының қазақ әдебиеті пәні Жұмекен сабағы ретінде осы залда өткізілсе деген ұсынысым бар.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button