Жорықшылар – Ақтөбе жерінде
Өткен аптаның сәрсенбісінде Қостанай облысының Жанкелдин ауданындағы Қызбел ауылдық округінің орталығы – Саға ауылынан «Қызбел-Қандыағаш-Қарабау» экспедиция-жорығы басталған болатын. Қостанайлық бокс және кикбоксинг бапкері Сәттібек Ысмайылов пен жеке кәсіпкер Ерлан Хұсайынов дүйсенбі күні кешкі 9 сағат 30 минут шамасында Шилі ауданына табан тіреді. Бұл Қостанай облысының Ақтөбе облысымен шекаралас елді мекені.
– Біз осы ауылға жеткенге дейінгі бір тәулікте 51 шақырым жол жүрдік. Шилі ауылының әкімі Ербол Досмағамбетов деген азамат күтіп алып, өз үйіне шақырып тынығуымызға жағдай жасап берді. Өте ашық жігіт екен. Елі үшін біраз еңбектеніп жатқаны аңғарылады. Ауылдан мешіт салыныпты. Біз оған бас сұғып, өлі әруаққа дұға бағыштадық. Ауылға көшіп келгендерге жағдай жақсы қарастырылған. Тек жолдың жоқтығы қинап тұр екен. Сол себепті мұнда отын жеткізу де қиын. Өйткені, көмір тиеген көліктер осындай шақта жол азабын тартатынын аңғардық. Қызбелден осы жерге дейін төрт тәулікте 144 километр жер жүрдік. Бұл бізге аса ауыр болған жоқ, саулығымыз жақсы. Бірақ аяққа салмақ түскені рас. Шиліге 15 шақырымдай жер қалғанда, Тікбұлақ және Ащыбұлақ өзендері құйылысынан басталып, Өлкейек өзеніне құятын Қабырға өзенінің ащы суынан ауыз тиіп, шөл бастық. Жорық барысында екі рет далада түнеуге тура келді. Қатты қиыншылық болған жоқ. Дегенмен, қазақтың кең даласының біраз бөлігі өртке оранғанын көру ауырлау болды. Олай дейтін себебім, тілсіз жаудан қашып құтыла алмаған киіктің тушасы әр жерде теңкиіп жатыр. Оның үстіне жолшыбай кездескен өзен-су да тартылып қалған. Қыстаққа түсетін малға қиын болады-ау деп топшылаймын, – дейді Сәттібек.
Оған дейін қос азамат Жанкелдин ауданына қарасты Сайқұдық ауылынан 9 шақырым шықан соң Ғабдолла Бейсенбин деген палуан жігіттің шаруа қожалығына келген жорықшыларды сол жерде жұмыс жасайтын Азамат деген жігіт жұбайымен күтіп алып, көжесін беріп, қою күрең шаймен әлдендіріп алған.
Жорықшылар Шилі ауылынан тынығып, сапарын одан әрі жалғастырды. Сәрсенбіде олар ертеңгілік ауыл ақсақалдарының фатихасын алып, Ақтөбе облысының ең шеткі Толыбай (Аманкелді), Жабасақ, Сарат, Қарабұтақ елді мекендері бағытына аттанып кетті.
– Қазіргі жүрісіміз жақсы. Себебі, мұндай ұзақ жолда тәулігіне 50 шақырымдай жүру – жақсы көрсеткіш. Егер бұдан тез жүрсек, ағзаға, әсіресе аяққа күш түседі екен. Қазір ауа райы салқындау, келе жатқан бағытымызда күн райы жайлы деп естіп отырмыз, – дейді С.Ысмайылов.
Жан-Ерке ХАЛИУЛЛИНА
Ақтөбелік және Атыраулық бауырларымызға рахмет! Алла разы болсын! Біз біргеміз!