«Жөндеу жұмыстары сапалы жүргізілуі тиіс» (+ФОТО)
Atr.kz/4 қараша, 2019 жыл. Атырау қаласының әкімі Алимұхаммед Құттұмұрат-ұлы кеңейтілген көшелерді аралап, жауаптыларға бірқатар тапсырмалар берді.
Атырауда орталық 11 көшені қамтитын 34,5 шақырым жол реконструкциялау жобасы аясында қайта жаңғыртылады. Бұл жоба шеңберінде биыл Құрманғазы, Уәлиханов, Бейбарыс және Ғұмаров көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жол жиектері кеңейтілді.
Бүгінде аталған жұмыстардың көп бөлігі аяқталып, көлік қозғалысы үшін жолдар ашылды. Әйтсе де, жобаға сай құрылыс-монтаж жұмыстары әлі де жалғасуда. Бұл ретте қала әкімі Алимұхаммед Құттұмұрат-ұлы мердігер мекеме өкілдеріне жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары сапалы жүруі керек деп ескертті.
— Бұл жұмыстардың барлығы халық игілігі үшін іске асып жатыр. Қала орталығындағы маңызы зор автомобиль жолдары сапалы болуы тиіс. Жоба аясындағы атқарылатын жұмыстар тұрғындар сұранысына сай болсын –деді, ол.
Өз кезегінде мердігер мекеме өкілі жолдарды жөндеуден бөлек көше аумағын кеңейтіп жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдарын төсеу ұзақ уақыт атқарылуы, көше бойындағы барлық инфрақұрылым желілері де ауысуы салдарынан деп атап өтті.
Қалалық ТКШ бөлімінің мәлімдеуінше, жыл аяғына дейін Құрманғазы және Ғұмаров көшелері толығымен аяқталады деп күтілуде. Ал, Бейбарыс және Уәлиханов көшелері ауыспалы нысан болғандықтан жоспарға сайкес құрылыс-жұмыстары келесі жылы да жалғасады.
Дереккөз: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі