
Жолдау — нақты істер кезеңі
Қазақстан халық партиясының Атырау облыстық филиалы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында түсіндіру жұмыстарын бастады. Осы орайда партия өкілдері бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысан мен ірі кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен кездесті.

Атап айтқанда, партия мүшелері «QAZAQGAZ AIMAQ» өндірістік филиалында, «Атырау Жарық» ЖШС-де, «Атырау жылу желілері» ЖШС-де және «Атырау жылу электр орталығы» АҚ ұжымымен жүздесіп, Жолдаудың негізгі бағыттары туралы жан-жақты әңгімелеп берді.

Кездесу барысында партия белсенділері Президент ұсынған бастамалардың саяси тұрақтылықты нығайтуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға және экономикалық дамуды жаңа деңгейге көтеруге бағытталғанын атап өтті. Сонымен бірге, жұмыскерлерге әлеуметтік саясаттағы өзгерістер, әділеттілік қағидаттарын жүзеге асыру және жаңа реформалардың маңызы түсіндірілді.

– Жолдау бізге нақты бағыттарды айқындап берді. Формальды шешімдер кезеңі артта қалды, енді нақты әрекетке кірісетін уақыт жетті. Біз, азаматтық қоғам өкілдері, мемлекетке әріптес болуға, бастамалардың орындалуын бақылауға және халықты диалогқа тартуға дайынбыз, – деді “Қазақстан халық партиясы” Атырау облыстық филиалының төрағасы Балжан Досмұхамбетова.
Кездесулерге қатысқан еңбек ұжымдарының өкілдері Жолдаудағы бастамаларды қолдайтындықтарын білдіріп, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, ұсыныстарын ортаға салды.

Қазақстан халық партиясының Атырау облыстық филиалы алдағы уақытта да түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып, аймақтың әрбір тұрғыны Жолдау мазмұнынан хабардар болуы үшін түрлі форматтағы кездесулер өткізуді жоспарлап отыр.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА