Жолдау аясында атқарылған істер сарапталды (+ФОТО)
Аtr.kz/3 мамыр, 2019 жыл. Атырау қаласы әкімдігінің арнайы ақпараттық топ мүшелері С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауы аясында атқарылған істер жөнінде есеп беріп, жастармен кездесті.
Аталған әкімдіктегі сектор меңгерушісі Рафхат Жолдиев, білім бөлімі басшысының орынбасары Аманбай Хұсынов, Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атыраудағы бас маманы Саламат Сағытжанов, «Смарт Атырау» мекемесінің директоры Әділбек Таңқиев және басқа да аталған топ өкілдері қатысты.
Олардың баяндауынша, әлеуметтік, соның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау секілді маңызды салаларда жоғары көрсеткіштер жоқ емес. Бірақ, атқарылар істер де әлі алда.
Мәселен, білім беруге келсек, орыс тілде оқытатын мұғалімдер әлі де жетіспейді. Әзірге оларды зейнет жасындағы ұстаздар ауыстырып жүр. Ал, үш ауысымды оқытудан арылу, ыстық тамақпен қамту, материалдық-техниканы жақсарту бойынша қойылған міндеттер толығымен орындалуда. Енді кәсіби бағдар бойынша арнайы диагностика жүргізу ісі қолға алынбақ. Оның үстіне, бала мектепке алты жастан бастап баратын болып шешілгелі оқушыларс аны да күрт өсіп отыр. Сондықтан, Атырау қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары жүктелер міндет мол, мақсат айқын екенін жеткізді.
Ал, Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атыраудағы өкілінің айтуынша, «Адалдық алаңы» жобасының негізінде көптеген мәселелер өз шешімін тапқан.
«Сонда да, тұрмыстық жемқорлықтың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды үзбеу қажет. Өйткені, қарапайым білім беру, денсаулық сақтау орындарында пара алу және ұсыну деректері әлі де болса кездеседі. Бұл ретте, бір атап өтер нәрсе, жемқорлықты түбірімен жойған ешбір мемлекет болмаса да, Жаңа Зеландия секілді қоғамдық дертті ауыздықтаған озық елдердің қатарына кіру – басты мақсат» дейді ол.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ