Жарнама
Жаңалықтар

ЖОЛДАР ЖӨНДЕЛЕДІ!..

 

— Алдымен, өңірдегі «Каспий Лана Атырау» жүн өңдеу зауытының іске қосылуына ерекше тоқталғым келеді. Өндіріс орны осы айдың 15-нен бастап толық қуатында жұмысын жүргізеді, — деді облыс әкімі.

Жүн өңдеу – мұнайлы аймақ үшін тың сала. Оның үстіне бұл фабрика еліміз бойынша теңдесі жоқ өндіріс орны болып тұр. Мұнда жеңіл өнер­кәсіпке қажетті басты шикізат – мал жүні алғашқы өңдеуден өт­кізілумен шектелмейді. Сонымен қатар, көрпе мен жамылғылар шығару ісі де қолға алынбақ. Осындай ерекшеліктерге тоқталған өңір жетекшісі депутаттарды жаңа нысанның жұмысымен жақынырақ танысуға шақырды.

Облыс әкімінің тағы бір тоқталғаны, «Сарайшық» коммуналдық базардың қызметіне қатысты болды. Кең де жарық, бастысы, іші-сырты таза ғимарат қазірдің өзінде қалалықтардың көп келетін орнына айналды. Оған мұндағы тауарлардың өзге сауда орындарына қарағанда кәдімгідей арзан екендігі де себепші. Жергілікті агроөндірістің қырықтан астам өнімі осы жерде делдалсыз халыққа жеткізілуде. Күн жылына тірі балықтар да сатылады. Алайда, базар аумағына көліктердің кіруі үшін төленетін 50 теңге кейбіреулердің сұрағын туғызыпты.

— Осыған орай айтарым, «Сарайшық» – өзін-өзі қаржыландыратын нысан. Оған мемлекеттен қаражат бөлінбейді. Базар әкімшілігі тазалықшыны, күзетті ұстайды, электр жарығына, басқа да төлейтін төлемақысы бар. Сондықтан, мұны жұртшылық түсіністікпен қабылдаса деймін. Облыстық ішкі істер департаментінің басшысына нысанға келетін жол бойына «Тұраққа тыйым салынған» деген белгі орнату жөнінде тапсырма беремін. Өйткені, саудалаушылар көліктерін жол жиегіне қойып кетіп, көлік «тығынын» туындатуда. Дегенмен, алдағы уақытта бұл жолдың аумағын екі есеге өсіруді ойластырып отырмыз, — деді облыс әкімі. Сонымен қатар, Бақтықожа Ізмұхамбетов жиі кездесетін келеңсіздіктер турасында да айта кетті. Кейбір тұрғындар баспана алуға қатысты орталыққа жиі шағымданады екен. Соған орай, «пәтерлер міндетті түрде заң аясында ғана беріледі» деді аймақ басшысы. Сонымен қатар, мұнай саласындағы жұмысқа орналастыру туралы да түсетін арыз-шағым аз емес көрінеді.

P.S. Сессияда жария етілген ең жағымды жаңалық – қалаішілік жол-дарға жөндеу жүргізілетіндігі. Осы орайда облыс әкімі биыл жүзеге асатын ауқымды жұмыстарға да тоқталды. Оның айтуынша, қала мен оның іргесіндегі елді мекендер көшелерін асфальттауға биыл 4,5 млрд. теңге бөлініп отыр. «Жыл жаңа басталып жатыр. Бұл жаңалықты халық естісін» деді Бақтықожа Салахатдинұлы. Іске сәт дейміз!

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button