ЖОЛДА ҚАЛҒАН АВТОБУС
Дабыл қағылғаннан-ақ тиісті орындар шұғыл шара алуға кірісті. Оқиға орнына Мақат аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Е.Қадыралиев бастаған топ жетті. Белгілі болғаны, шыңылтыр аяздан автобустың жанармайы (солярка) қатып қалған. Оның ішінде 45 жолаушы бар екен. Көлік Өзбекстаннан Ресейге бағыт алыпты. Жедел түрде ұйымдастырылған шараның нәтижесінде адамдар жылы орынға жеткізілді. Оларға тамақ беріліп, жағдай жасалды. Ал, техника жөнге келгеннен соң, сапарларын одан әрі жалғастырды.
Күннің қатты салқындауына байланысты сақтық амалдары облыстың барлық жолында алынуда. «Қазақавтожол РМК Атырау облыстық филиалы өкілдерінің айтуынша, осындай жұмыстар Атырау-Орал бағытында да қолға алынған. Яғни, республикалық маңызы бар автокөлік жолдарында күнделікті кезекшілік ұйымдастырылып отыр. Бұл – адамдарды көлденең оқиғалардан аман алып қалу мақсатында жүзеге асып жатқан шаруа.
Азамат БАЗАРБАЕВ.