Жолақы төлеу – 85 пайыз электрондық жүйеде
Atr.kz/4 қараша, 2019 жыл. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев айтты.
Аймақ басшысының айтуынша, қоғамдық көліктегі жол ақысына енгізілген дифференцияланған тариф тиімділігін көрсеткен.
— Өткен жылдың қазан айында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Атырауда электрондық билеттеу жүйесі қанатқақты жобасы енгізілді. 11 қазанда жол ақысын төлеу жүйесін электрондық түрге ауыстыру үшін дифференцияланған тариф іске қосылды. Қазір қоғамдық көліктегі жол ақысын төлеу 85% электрондық түрде жүргізіледі деп сеніммен айтуға болады, — деді әкім.
Нұрлан Ноғаевтың сөзінше, электрондық билеттеу жүйесі тиімділігін көрсеткен, болашақта қолма- қол ақшаны көлеңкелі айналымнан шығаруға, сонымен қатар, жолаушылар легінің нақты мөлшерін анықтауға, бюджетке салық түсімдерін көбейтуге, тасымалдаушылардың табысын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде автопарктердің автобустар құрамын, материалдық-техникалық базасын жаңартуға, жолаушылар тасымалы саласындағы мамандардың еңбекақыларын, қызмет көрсету деңгейін көтеруге жол ашады.
Еске салсақ, аймақта қоғамдық көлік қатынасын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы іске асып жатыр. Бағдарлама аясында Атырауда 160 жаңа автобус алынды, келер жылы тағы да 170 дана автокөлік алынады, қазір Семей қаласында дайындалып жатыр. Бүгінде Атырау қаласының тұрғындары 120 мың жолақы картасын алды.